Бұл А.Соболенко үшін көгал маусымындағы алғашқы жарыс болмақ.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Беларусь өкілі екінші айналымда ресейлік Екатерина Александрова немесе аустриялық Анастасия Потапованың қай жеңгенімен шеберлік байқасады.
Доданың 2-ракеткасы Е.Рыбакина да екінші айналымнан бастайды. Ол хорватиялық Донна Векич немесе филиппиндік Александра Эаланың біреуімен ойнайды.
Қазақстандық теннисші осының алдында Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің ширек финалында күтпеген жерден рейтингіде 73-орындағы ұлыбританиялық Кэти Бултерден жеңіліп қалды — 5:7, 6:2, 4:6.
Дәл осы К.Бултерді 6:1, 6:3 есебімен ойсырата ұтқан Д. Векич финалға шықты. Ол бүгін соңғы бәсекеде ұлыбританиялық Эмма Радуканумен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Өткен жылы Е.Рыбакина Берлинде ширек финалға дейін жетіп, онда 2 сағат 42 минутқа созылған тартысты матчта А.Соболенкоға 6:7 (6:8), 6:3, 6:7 (6:8). Осы ойында Елена төрт бірдей матчболын пайдалана алмай, қапы қалды.
Биыл әлемнің қос үздік теннисшісі финалда ғана кездесуі мүмкін. Әлемдік рейтингіде көш басындағы А.Соболенконың есебінде 9 090 ұпай болса, Е.Рыбакина (8 143 ұпай) көгал маусымын сәтті өткізсе, арақашықтықты қысқарта алады. Тіпті қуып жетіп, басып озуы да ықтимал. Ол екеуінің алдағы жарыстарды, соның ішінде Уимблдонды қалай өткізетініне байланысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германиядағы турнирде чемпиондық атағын қорғай ала ма, соны жазған едік.