Берлинде 40 мың үй жарықсыз қалды — қасақана диверсия болуы мүмкін

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Берлин жұрты электр жарығынсыз қалды. Полиция қасақана диверсия болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп жазды DW.

Бүгін таңертең Германия астанасының оңтүстік-шығысында жаппай электр жарығы өшті. Welt газетінің хабарлауынша, Йоханнисталь мен Кёнигсхайдевег аудандарындағы екі жоғары кернеулі желіде шыққан өрт бірнеше жақын маңдағы қосалқы станциялардың жұмысын тоқтатуға себеп болған.

Шамамен 40 мың үй мен пәтер жарықсыз қалды. Апат орын алған аудандарда жол белгілері (светофорлар) істемей қалды, қоғамдық көлік қозғалысы шектелді.

Өрт жедел сөндірілгенімен, энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Welt дереккөздерінің хабарлауынша, полиция оқиғаның қасақана ұйымдастырылғаны (өртеу әрекеті) деген нұсқаны да қарастыруда. Мемлекеттік қауіпсіздік органдары тергеуге тартылған.

Айта кетейік, Германияда әлеуметтік жәрдемақыны заңсыз иеленетін «мафияға» қарсы күрес басталды.