Берлинде алдағы ҚР Президенті сайлауына қатысты брифинг өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Берлин қаласында 15 сәуірде Германияның БАҚ өкілдері мен сарапшылар тобына арналған Қазақстан Республикасында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты арнайы брифинг өтті.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР ГФР-дағы Елшісі Болат Нүсіпов брифингке қатысушыларды қазіргі таңдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен және Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, ол демократияның дамуы мен адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда тиімді жұмыс істейтін халықаралық мониторинг институтына назар аударды.

Қазақстандық дипломат кездесуге қатысушыларды сайлауды өткізудің бастапқы тарихымен дәйекті түрде таныстырды, қабылданған шешімнің конституциялық жағын, соңдай-ақ өтіп жатқан сайлау алдындағы үдеріс, халықаралық байқаушылар және БАҚ өкілдері үшін тіркелу тәртібі туралы хабарлады. ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы ұсынылған бағдарламарына ерекше назар аударылды. Сонымен бірге, кезектен тыс сайлау өткізу дүниежүзіндегі қаржы-экономикалық дағдарыс пен халықаралық турбуленттілік жағдайында «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыруды жалғастыруға мүкіндік беретіндігі атап өтілді.

Қазақстан Елшісі брифингтің соңында тілшілер мен сарапшылардың сұрақтарына жауап беріп, ҚР кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрме, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру, Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін өткізу, Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Астанадағы V Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және т.б. бірқатар маңызды халықаралық бастамалармен және оқиғалармен таныстырды.