Берлинде Б.Сағынтаев су мәселелерін реттеу бойынша Қазақстан бастамасы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ГФР Федералдық Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Берлинде «Су және Орталық Азиядағы тату көршілік қатынастар» конференциясына қатысты.

ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияның жұмысына сондай-ақ, Еуроодақ, Орталық Азия елдерінің өкілдері, ғалымдар, халықаралық сарапшылар қатысып отыр.

Конференцияда сөз сөйлеген Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде су мәселелерін реттеудің нормативтік базасы даму үстінде екендігін, су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы, Аралды құтқару бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Қазақстанның тағы бір бастамасы мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы, «Сырдария» мен «Әмудария» бассейніндегі су шаруашылығы бірлестіктері жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.