Берлинде Батыс Ніл вирусы жылдам таралып жатыр — зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM — Бұрын оңтүстік аймақтарда ғана кездесетін Батыс Ніл вирусы енді Германия астанасында тұрақты түрде тарала бастаған. Мұндай қорытындыны Берлиндегі «Шарите» клиникасының ғалымдары жасады, деп хабарлайды Bild.

Фото: Bild

Ғалымдар 24 мың масаны зерттеп, 2023 жылы олардың 6%-ға жуығы вирус тасымалдаушысы болғанын анықтады. Бұл көрсеткіштер Оңтүстік Еуропадағы деректермен шамалас.

Ең үлкен қауіп табиғи қорықтарда емес, адамдар көп жиналатын жерлерде — саябақтарда, зираттарда және бақша учаскелерінде байқалады. Зерттеушілер дәл осы жерлерде жұқтырған масалардың ең көп шоғырланғанын тіркеді. Мамандардың пікірінше, бұл аймақтардағы құстар вирустың таралуында маңызды рөл атқарады.

Жұқтырғандардың көпшілігінде ауру белгісі болмайды. Алайда әр бесінші адамда тұмауға ұқсас белгілер байқалуы мүмкін. Ал шамамен 1% жағдайда инфекция менингитке әкеліп, өмірге қауіпті болуы ықтимал. Әсіресе қарт адамдар тәуекел тобында болады.

Вирусологтардың айтуынша, тіркелмеген жағдайлар өте көп. Берлиндегі нақты жұқтырғандар саны ресми мәліметтен кемінде 100 есе көп болуы мүмкін. Климаттың өзгеруі жағдайды одан әрі ушықтырып, ауру жұқтыру жағдайларының көбеюіне себеп болуы ықтимал.

Бұған дейін Берлин дәрігерлері Эбола жұқтырған америкалықты емдеп шығарғаны туралы хабарлаған болатынбыз.