Берлинде Димаш Құдайбергенге арналған сурет көрмесі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Димаш Құдайбергеннің 12-17 қараша аралығындағы Еуропадағы жеке концерттері аясында Берлинде «JULDYZ» атты әншіге арналған картиналар көрмесі өтеді, деп хабарлайды Kazinform dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Фото: dimashnews.com

Көрме өтіп жатқан Erster Erster галереясы 14 қарашада «Stranger» шоуы болған Макс-Шмелинг-Галле маңында орналасқан. 

Суретші Пунктгеляуттың майлы бояумен және қарындашпен салған суреттері Димаштың шығармашылық өміріндегі түрлі оқиғаларды бейнелейді. 

Фото: dimashnews.com

Суретші көрмеге Димаштың суреттерін ғана емес, сондай-ақ Раушан Құдайберген мен Расул Усмановтың атмосфералық портреттерін де қойған. 

– Бұл бейнелер Димаштың музыкалық феноменнен де асып түсетін ерекше қабілеттерін көрсетеді. Дүние жүзіндегі концерттік гастрольдік сапарларымен қатар, ол өз үнін әлеуметтік мәселелерге арнайды: Димаш бейбітшілік пен білімнің жақтаушысы, жас музыкалық таланттардың қолдаушысы және елін, Қазақстанды дәріптеп жүрген азамат, - дейді басты кейіпкерінің сан қырлы бейнесін көпшілікке ұсынған автор.

Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Көрмеге кіру тегін. Картиналарды сатудан түскен қаражаттың жартысы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын Қазақстандағы білім мен қоршаған ортаға назар аудара отырып жүзеге асыратын «Сәби» қайырымдылық қорына аударылады. 

Осыған дейін Испанияда Димашпен ән шырқаған қазақ қызы әсерімен бөліскенін жазған едік.