Берлинде Қазақстан делегациясы шетелдік әріптестерін ҚР-дағы парламентаризмнің қазіргі ахуалымен және келешектегі дамуымен таныстырды

None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Ақылбай мен ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Мұқашев бастаған делегация 1-2 шілдеде жұмыс сапармен Германияда болып қайтты.

Делегация Берлинде өткен «Заңнаманың жолы - қатысушы мекемелердің рөлі мен ықпалдасуы» атты құқықтық мәселелер бойынша парламенттік комитеттердің үшінші халықаралық конференциясы жұмысына қатысты. Құқық саласындағы халықаралық ынтымақтастық Герман қоры мен Бундестагтың құқық комитеті бірлесе ұйымдастырған шараға 30-дан астам елдің өкілдері барды. Конференция делегаттары заңнамалық үдерістің мәселелерін талқылады, заң шығарушылық бойынша тәжірибелерімен алмасты, парламенттік іс-әрекеттің әртүрлі аспектілеріне қатысты ойларымен бөлісті, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын қарастырды.

Қазақстандық депутаттар өздерінің шетелдік әріптестерін парламентаризмнің ҚР дамуының ахуалы мен келешегімен, сондай-ақ заң шығарушылықтың ерекшеліктерімен таныстырды. Халықаралық мемлекеттік-құқықтық стандарттарға сәйкес болу мақсатында, Қазақстан заңнамасы серпінді түрде дамып және жетілдіріліп келе жатқаны туралы ерекше айтылды. Конференция шеңберінде өткізілген екі жақты кездесулер мен келіссөздер барысында парламентаралық және құқықтық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымды кешені бойынша нақты пікір алмасу орын алды.