Берлинде Қазақстан киносы күндері өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Германия астанасы Берлинде Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылып, неміс көрермендеріне «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Жерұйық» көркем фильмдері ұсынылды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдени іс-шара аясында қазақстандық кинематографияның тарихи тақырыптарды арқау еткен екі туындысы көрсетілді.

Қазақстан киносы күндерінің ашылуында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов құттықтау сөз сөйледі.

«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімі алдында туындының режиссері Рүстем Әбдірашев көрермендермен кездесті.

Режиссер фильмге негіз болған тарихи оқиғалар, картинаның түсірілу ерекшеліктері және сол кезеңдегі оқиғалардың экранда көркемдік тұрғыдан бейнеленуі туралы әңгімеледі.

Көрсетілімдерге жергілікті тұрғындар, студенттер, неміс кинорежиссерлері, іскер топтардың және Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстан киносы күндері «Жерұйық» көркем фильмінің көрсетілімімен жалғасты.

Бұл туынды арқылы көрермендер адам тағдыры, тарихи жады және рухани құндылықтар тақырыбын қозғайтын қазақстандық кино өнерімен танысты.

Осылайша Берлинде өткен мәдени іс-шара неміс көрермендеріне Қазақстанның тарихи тақырыптағы көркем фильмдерін тамашалауға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, биыл ақпанда Түркияның Анталия қаласында да қазақ киносының күндері өткен болатын. Онда «Ұлы Дала таңы», «Жерұйық» және «Қайтадан» көркем фильмдері түрік көрермендеріне ұсынылды.