Берлинде жүк көлігі қалың жұрттың арасымен жүріп өтті: 9 адам қаза болды

БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Берлинде жүк көлігі Брайтшайдплац алаңында орналасқан рождестволық сауда базарына соғылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Біз тоғыз адамның мерт болғанын растай аламыз, жарақаттанғандар көп. Біздің әріптестер қазір Брайтшайдплац алаңында», - деп жазды полиция қызметі Twitter-дегі аккаунтында. Күш құрылымдары барлық нұсқаны қарастыруда, соның ішінде лаңкестік актіні де.


Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, жүк көлігі бүкіл алаң бойымен жүріп өтіп, шыршаның жанына келіп тоқтаған.

Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі зардап шеккендердің арасында ҚР азаматтары бар-жоғын анықтау үстінде.



Бірнеше сағаттан кейін Берлин полициясы Twitter микроблогында: «Күдікті ұсталды. Қазір оның жүк көлігінің тізгінінде болғаны, не болмағаны анықталуда», - деп жазды.

Интернетте оқиға орнынан түсірілген алғашқы видеолар пайда бола бастады.