Берлускони өзіне қол жұмсаған Тартальяны кешірді

None
АСТАНА.  Желтоқсанның   23-і.  ҚазАқпарат - Италия Премьері  Сильвио  Берлускони    желтоқсанның 13-інде Миланда   өзіне  шабуыл жасаған  42 жастағы Массимо  Тартальяны  кешірді.  Бұл туралы  сейсенбі күні  кешке   премьердің  «Бостандық   халқы»    партиясының басшылығына  жақын   дерек көздердің бірінен   мәлім  болды, 

деп  хабарлайды «РИА  «Новости»  агенттігі.

Партияның   Римдегі  штаб-пәтері мен     ауруханадан кейін  демалып  жатқан  Аркор   қаласындағы «Сан-Мартино»  вилласының арасында  өткен  телеконференцияда Берлускони,  жүйке ауруымен  ауыратын  Тартальяны  адами   тұрғыдан  кешіретінін  мәлім  етті.

Дейтұрғанмен,  үкімет басшысы,   биліктің көрнекті  өкіліне     қол жұмсаған  Тартальяның    әрекетінің  ауырлығын  жете  бағаламауға болмайтынын атап  көрсетті.   Италияның  Министрлер кеңесінің  төрағасына   қол   жұмсауға  болады  деп   ойлауға     жол беруге  болмайды,  деді  ол өз сөзінде. Оған қоса, Берлускони,  егер соққы  сәл жоғарылау  тисе,  оның    көзінен  айрылуы,  тіпті     өліп кетуі     мүмкін   болғанын    айтты.

Бұл шабуылдың  желтоқсанның 13-і күні кешке, премьер     партияның Миландағы жиынында   сөз сөйлегеннен кейін   болғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.  Жүйкесі ауыратын   Тарталья    премьерге 2-3 метр қашықтықтан  ауыр  темір мүсінді  лақтырып,    оның   мұрнын  және тісін сындырған еді.