Хопкинс Айдар Шәрібаевтың жекпе-жегіне комментатор болады. Салмақ өлшеу рәсімінен кейін ол Шәрібаев және оның командасымен кездесті.
«Ертең бүкіл әлемнің бокс жанкүйерлері Калифорнияға көз тігеді. ESPN телеарнасы арқылы эфирге берілетіні алдағы жекпе-жектердің мәртебесін көрсетеді. Бұл Шәрібаев үшін үлкен мүмкіндік. Эндри Канчио мықты қарсыласқа тап болды. Шәрібаев жеңіс үшін шаршы алаңға шықпақ болып отырғанына көз жеткіздім», - дейді Бернард Хопкинс.
53 жастағы Хопкинс кезінде орта және жартылай ауыр салмақта IBF, WBC, WBA, WBO чемпионы болған.
Хопкинс және АҚШ-тың беделді спорт журналистерінің бірі Бернардо Оcуна Golden Boy Promotions өткізетін бокс кешін жүргізеді. Онда Айдар Шәрібаев (7-0,6 КО) 8-ші жекпе-жегін өткізеді.
Бокс кеші Американың Индио қаласында болады. Айқастың тікелей трансляциясын 13 сәуір күні Астана уақытымен шамамен 08:00-ден бастап Setanta Қазақстан телеарнасынан қарауға болады.