Бес адамды өлтірген: АҚШ сотына Мадуроның үстінен азаматтық талап-арыз түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроға қатысты АҚШ-та соттан тыс кісі өлтірулерге байланысты азаматтық талап-арыз берілді, деп хабарлайды Euronews .

Фото: peoplesdispatch.org

Нью-Йорктің Бруклин федералдық сотына түскен 44 беттік талап-арызда Мадуро 2017-2020 жылдары Венесуэладағы FAES арнайы жасағына бес жас жігітті соттан тыс өлтіру туралы бұйрық берген деп көрсетілген.

Талапкерлердің айтуынша, қаза тапқандар Мадуро билігі кезінде мемлекеттік күштік құрылымдардың қолынан қаза болған мыңдаған адамның қатарында болған. FAES бөлімшесі адам құқықтарын бұзды деген шағымдардан кейін, оның ішінде БҰҰ мәлімдемелерінен соң, 2021 жылы таратылған.

Құжатта арнайы жасақ қызметкерлері тұрғындардың үйлеріне таңертең ерте келіп, ер адамдарды отбасыларынан бөліп әкетіп, кейін атып өлтіргені, ал кейін билік олардың «құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткені» туралы ресми нұсқа ұсынғаны айтылған.

«Мадуро FAES бөлімшесін саяси құрал әрі қоғамды бақылау тетігі ретінде пайдаланып, қарсылықты күшпен басып-жаншу, кедей аудандарды үрейде ұстау және саяси қарсыластарын жою үшін қолданды», – делінген талап-арызда.

Талапкерлер Венесуэланың сот жүйесі бұл қылмыстарға кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермейтінін алға тартып отыр. Осыған байланысты олар АҚШ-тың Азаптау құрбандарын қорғау туралы заңы негізінде моральдық өтемақы өндіріп беруді сұраған.

Euronews мәліметінше, Николас Мадуро қазіргі уақытта Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотты күтіп отыр. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзін «әскери тұтқынмын» деп мәлімдеген.

The New York Times басылымының хабарлауынша, Мадуро бұл іс бойынша мемлекет басшысы ретінде иммунитетке ие екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін.

Айта кетейік, Мадуроның жақтастары Каракаста президентті қайтаруды талап етті.