Бес бірдей облыс орманшылардың айлығын көтере алмай отыр – Депутат сауалы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға орманшылардың айлығы туралы депутаттық сауал жолдады.
«2024 жылдың 1 шілдесінде Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатымен «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді», - дейді депутат.
Оның сөзінше аталмыш құжаттар орман өртін сөндірушілердің, өрт сөндіру көлігін жүргізушілердің, тракторшылар, радио операторларының, өрт сөндіру машиналары мен аппараттарын жөндейтін шеберлердің, бақылау мұнарасын бақылаушылардың айлығын көтеруге негіз болуға тиіс еді.
«Аталған қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу облыстарында орындалмады деген дерек келді. Орманшылардың жазған арызы қолымда. Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, оларда қаржы жоқ екен. Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді. Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамасыз етуіңізді сұраймын», - деді Нартай Сәрсенғалиев.