Бес миллионнан астам қазақстандық Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы болуын қалап отыр - сенатор Б.Досмамбетов

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бес миллионнан астам қазақстандық Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы болуын қалап отыр», - дейді сенатор Бақберген Досмамбетов.

Бұл пікірін депутат бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында білдірді.

«Осыған дейін 5 миллионнан астам қазақстандықтың Елбасының өкілеттігін ұзарту туралы бастама көтергені белгілі. Ол ұсыныс Парламентте, содан соң Конституциялық кеңесте қаралды. Бастама Ата заңымызға қарама-қайшы болып шықты. Ал Елбасымыз бір жағы осыншама халықтың ойлаған мақсатын жерге тастамай, бір жағы

өзінің Конституцияның кепілі ретіндегі оған қарсы қадамдарға бармайтындығын көрсете отырып, екіжақты біріктіретін ұсыныс жасады. Сөйтіп елде кезектен тыс сайлау өтетін болды»,-деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, кеше Парламенттің бірлескен отырысында осы сайлауға негіз болатын тиісті құжаттар мақұлданып, бүгін Сенатта осы құжаттар бірауыздан қабылданды. «Халық өзін 20 жыл басқарған басшысының қолынан іс келетін, көрегенді, білікті басшы екендігіне

көз жеткізгеннен кейін, сапалы өмірге қолдары жеткеннен кейін ғана Мемлекет басшысының айтқандарына тоқталып, Президентке сеніп отыр. Ал Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған қазіргі таңдағы бағдарламалар іске асып жатса, Қазақстан халқы бұдан да жақсы өмір сүретін болады»,-деді Б.Досмамбетов.