Бес өңірде көшет өсіретін 6 тәлімбақ салынады

Фото: Нариман Мустафаев

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдың басында еліміздің бес өңірінде көшет өсіретін 6 тәлімбақ салынады. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

- Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 млн ағаш егу жөніндегі тапсырмасы толық көлемде орындалды. Біз алдағы уақытта да облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысты жалғастырамыз. Бұл ретте аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерді көгалдандыруға басымдық беріп, ірі елді мекендердің айналасында жасыл белдеулер құру жұмыстарын қолға алатын боламыз, - деді ол. 

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының 2 млрд көшет егу жөніндегі тапсырмасын іске асыру жалғасып жатыр. Жалпы 2021–2025 жылдары аралығында 1,5 млрд көшет егілді. Келесі жылы 208 млн-нан астам көшет егу жоспарланып отыр.

- Облыс әкімдіктері қолданыстағы тәлімбақтарды реконструкциялау және жаңа питомниктер салу бойынша шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, 2026 жылдың басында еліміздің бес өңірінде жылына әрқайсысы 6 млн тамыр жүйесі жабық көшет өсіретін 6 тәлімбақ салу жоспарлануда, - деді министр.

Айта кетейік, Алматыда ірі орман тәлімбағы салынады.