Бес оңтүстік өңірге су пайдалану лимиті бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы суару маусымында бес оңтүстік өңірге су пайдалану лимиті бекітілді. Лимиттер егіс алқаптарының құрылымы мен су шаруашылығының маусым басындағы жай-күйі ескеріле отырып айқындалды. Бұл туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Комитет төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2024–2028 жылдарға арналған ылғалсүйгіш дақылдардың, оның ішінде күріш егістігінің көлемін қысқартуды көздейтін Жол картасы бекітілген.

– Осы Жол картасында белгіленген егіс құрылымы мен су шаруашылығының маусым басындағы жай-күйіне сәйкес Қызылорда облысына 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр, Алматы облысына 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр, ал Жамбыл облысына 900 млн текше метр су пайдалану лимиті бекітілді, – деді Сейілбек Нұрымбетов.

Оның айтуынша, қабылданған шаралар су ресурстарын тиімді жоспарлауға және вегетациялық кезеңде өңірлерді қажетті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде су шаруашылығын жаңғырту аясында жаңа Су кодексі қабылданып, су инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынғаны туралы жазған едік.