Бес жылда 1 миллион адам жасанды интеллект технологиясын меңгереді – министр

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект технологиясына оқытудың кешенді тәсілі әзірленгенін айтты. 

«Біз халықты жасанды интеллект технологиясына оқытудың кешенді тәсілін ұсынамыз. Осылайша 2029 жылға дейін халықты жасанды интеллект туралы білім берумен қамтамасыз етуді қарастырып отырмыз. Алдағы 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқыту жоспар бар. Атап айтқанда, 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметші, 80 мың кәсіпкер және халықтың 30 мың басқа санаты», - деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект бағытында білім беру жобалары, оның ішінде мектеп оқушыларына арналған TUMO креативті технологиялар орталығы іске қосылды. 

«Биыл қазан айында жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау үшін өңірдегі алғашқы TomorrowSchool жасанды интеллект мектебі ашылды. Осы бастамалардың барлығы еліміздің адами капиталын дамытуға, таланттарды анықтауға және IT-саласын дамытуға мүмкіндік береді», - дейді ол.