Бес жылда 1 млн-ға жуық қазақстандық жасанды интеллектіні меңгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде AI Movement: «Жасанды интеллект – баршаға» атты ауқымды ұлттық бастама қолға алынды. Толығырақ «ASTANA HUB» басқарушы директоры Дания Ахметова айтып берді.
— Адам капиталының дамуы — Қазақстан мемлекеттік стратегиясының басты басымдықтарының бірі. Сондықтан біз әрбір азаматтың заманауи білім мен дағдыны, әсіресе жасанды интеллектіні меңгеруіне ерекше көңіл бөлеміз. Жасанды интеллект — бұл жай ғана технология емес, бұл XXI ғасырдағы сауаттың жаңа түрі. Оны меңгерген адамның болашағы зор. 1 миллион азаматты жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысына үйрету, бірнеше құзырлы органның бірлескен стратегиялық бастамасы, — деді Дания Ахметова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстанда алдағы 5 жыл ішінде кімдерді және қанша адамды жасанды интеллектіге баулиды:
— 500 000 оқушы;
— 300 000 студент;
— 90 000 мемлекеттік қызметші;
— 80 000 бизнес өкілдері.
— Мақсат — технологияларды тек тұтынушы емес, оны жасап, тиімді қолдана алатын буынды қалыптастыру. AI Movement: «Жасанды интеллект — баршаға» атауымен ауқымды ұлттық бастаманы қолға алдық. Бұл бастама Astana Hub арқылы іске қосылған және ЖИ-ді әрбір қазақстандық үшін, яғни жасына, кәсібі немесе тұратын жеріне қарамастан қолжетімді етуге бағытталған, — дейді Astana Hub басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан Chat GPT секілді өз жасанды интеллектін жасап шығармақ. Ақылды жүйе KazLLM деп аталады.
Сондай-ақ Президент жанындағы Жасанды интеллект жөнінде кеңестің құрамында кімдер болатынын хабарлаған едік.
Одан бөлек, жасанды интеллектінің көмегімен қиын жағдайдағы отбасын қолдау тетігі енгізілмек.