Бес жыл бойы қылмысын жасырып келген ауыл тұрғыны қамауға алынды

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Осыдан 5 жыл бұрын Тараз қаласы арқылы өтетін Қарасу өзенінің жағасында қолы байланған 35 жасар әйел адамның мәйіті табылған болатын.

Оның денесінде тұншықтырудың іздері болған. Өткен аптада Жамбыл облысының криминалист-мамандары осы қылмысқа қатысы бар Амангелді ауылының тұрғынын қамауға алды. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұсталған 30 жастағы азамат өз кінәсін толығымен мойындады. Оның айтуынша, ұрыс-керістің нәтижесінде орын алған қылмыстан кейін, ол мәйітті жасыру мақсатында әйелдің өлі денесін өзенге тастай салған. Қазір адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді Қ.Жұманов.