Бес жыл бұрын жасалған қылмыстың беті ашылды - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 5 жыл бұрын кісі өлімімен тіркелген қылмыстың беті ашылды. Қылмыскер 6 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Істің материалдарына сәйкес, оқиға 2012 жылдың мамыр айында Қаратал ауданына қарасты Қанабек ауылының маңында болған.

Жедел ақпаратты тексеру барысында тәртіп сақшылары қылмыскерді анықтап, дереу қамауға алды. Келтірілген айғақтардың салмақтылығының арқасында 29 жастағы Қапшағай тұрғыны кінәсін мойындады. Сондай-ақ, тергеу барысында өлтірілген адамның мәйітін қайда көмгенін де көрсетіп берді. Ер азаматтың денесі сол жерден табылды.

«Жас жігіт егде тартқан шопаннан күшті болған. Ол қарияны ат үстінен құлатып, кеуде тұсынан бірнеше рет пышақ тыққан. Кейін мәйітті шүберекке орап көміп кеткен»,- деп мәлім етті облыстың полицейлері.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 жастағы тұрғынға  2018 жылдың 29 наурызында сот үкімі шығып, қылмыскер 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі түрмеде өтейді.