Бес жылда Павлодар облысында қарағай егу алаңы 17 есеге ұлғаяды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында орман көлемін ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мәліметінше, бес жылдың ішінде облыс әкімдігінің қарамағындағы мемлекеттік орман қоры мекемелерінің аумағында жалпы көлемі 5,3 мың гектар жерге 31,9 млн қарағай көшеттерін отырғызу көзделіп отыр. Жалпы ағаш егу алаңы 17 есе ұлғайтылады.

- 2021 ж. – 120 га, 533,3 мың;

- 2022 ж. – 350 га, 2 млн;

- 2023 ж. – 1,3 мың га, 7,3 млн;

- 2024 ж. – 1,6 мың га, 9,6 млн;

– 2025 жылы – 2 мың га, 12,3 көшет егіледі.

Сондай-ақ мекемелерді көшеттердің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін биылғы жылы 6,25 гектар аумақты құрайтын үш уақытша питомниктер құрылды, бұл 2023 жылға қарай 7,5 миллион дана көлемінде екі жылдық қарағай көшеттерін алуға мүмкіндік береді.

2022 жылға арналған облыстық бюджетте техника мен жабдықтар сатып алуға 73,6 млн теңге қарастырылып отыр.

Айта кетер жайт, әкімдікке қарасты орман мекемелері, республикалық табиғат қорғау мекемелері, «Ертіс орманы» қорығы мен Баянауыл ұлттық саябағында биыл 3 гектар жерге 13 миллион түп көшет отырғызды.