Үй иесі Гүлбақыт Оразымбетова қайда барып жан сауғаларын білмей дал болуда.
"Таңертең көрші үйден келсем таудың тағы бір бөлігі опырылып құлапты. Үйде 9 жастағы балам ұйықтап жатқан. Мен енді бала-шағамның өмірі үшін қорқамын. Бұлай бола берсе, топырақ көшкіні астында қаламыз ғой", -деді Г. Оразымбетова.
Бұдан 1 апта бұрын ауыл халқы топырақ көшкіні жүргендігін айтып дабыл көтерген еді . Ол кезде мамандар 450 текше метр сары топырақ көшкіні жүргендігін мəлімдеген.
Ауыл əкімі Мұхит Əлібеков əкімдік тарапынан тек құлаған топырақты шығарып беруге ғана көмек болатынын айтты. Əкім ТЖД мамандары аз уақыт ішінде таудың беткі қабатын сүріп, тік жарды көлбеп береді деп сендірді.
Ал қалған шығынды "Бурабай" қалашығының иесі Дəурен Мейірманов көтеруі тиіс.
"Тұрғындар бұл жерді 2006 жылы жеке шаруа қожалығынан сатып алған. Төтенше жағдай болып жатса жер иесімен арадағы келісімшарт бойынша сотқа беріп мүлкін қалпына келтіруді талап ете алады. Енді əкімдікте осы аймақтан жер беруді тоқтату туралы шешім шықты", - деді Бесағаш ауылының əкім Мұхит Əлібеков.
Оның айтуынша, таудың жоғарғы жағындағы тұрғындар жер қазып арық жүргізген. Нәтижесінде су сіңген сары топырақ төмендегі үйлерге қауіп тудырып тұр.
"Менің үйімнің тұсында да тау жарылып тұр. Жауын жауатын болса үйім тау астында қала ма деп отырмын", - деді Сергей Ермолаев.
Айта кетейік, жардың бөлігі алғаш опырылып құлағанда Талғар ауданы әкімдігінде жиын өтіп, мəселені шешу үшін арнайы комиссия құрылған болатын.