Бешбармақ, палау, лағман: Анкарада түркі халықтарының аспаздық мұрасы таныстырылды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Алтай қойы халықаралық брендтер көрмесінде таныстырылды – Алтай ақпараты

Алтай қойы 7-9 қараша аралығында Шямын қаласында өткен 2026 жылғы Қытай тауар маркасы жөніндегі жылдық конференция мен брендтер халықаралық көрмесінде таныстырылды, деп жазады «Алтай ақпараты» басылымы. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Алтай мал шаруашылығын дамыту компаниясы географиялық белгімен тіркелген «Алтай қойы» мен одан әзірленген ет өнімдерін ұсынып, оның брендтік ерекшелігін насихаттады.

Фото: mp.weixin.qq.com

Шыңжаң мал шаруашылығының «алтын маңдайшалығы» саналатын Алтай қойының еті жұмсақ, өзіне тән өткір иісі жоқ, ақуызға бай әрі майлылығы төмен.

Айта кетейік, 2025 жылдың соңында өңірдегі қой саны 4 миллионға жетіп, 15 заманауи сою және өңдеу кәсіпорны жұмыс істеген. Сала өнімінің жылдық құны 1,479 млрд юаньға жетіп, Алтайдың ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Сондай-ақ осы аптада «Алтай ақпараты» басылымында «Алтайда 12 мың жылдық қар шаңғысы тарихын танытатын музей ашылды» деген ақпарат жарияланды. 

Алтайдағы «Адамзаттың қар шаңғысы мекені» музейі 13 қарашада жаңартылған нұсқада ресми түрде ашылды. Музей жаңғырту барысында цифрлық технологияларды енгізу, көрме кеңістігін қайта ұйымдастыру және экспозицияларды жетілдіруге басымдық берген.

Заманауи VR технологиясы арқылы келушілер 12 мың жыл бұрынғы Алтайдағы адамдардың қарлы-мұзды ортадағы тұрмыс-тіршілігін виртуалды түрде сезіне алады. Мұнда байырғы қар шаңғысы мәдениетінің қалыптасу тарихын таныстыратын көрмелермен қатар, зерттеу, білім беру, тәжірибелік сабақтар және материалдық емес мәдени мұраны насихаттау бағытындағы кеңістіктер қарастырылған. Музей басшысы Ло Хұңмейдің айтуынша, музей Алтайдың туристік тартымдылығын арттыратын мәдени бренд ретінде өңірдің 10 мың жылдан астам тарихы бар қар шаңғысы өркениетін кеңінен танытып, мәдениет пен туризмнің дамуына ықпал етуді көздейді.

Моңғолия парламенті президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің отставкасын қолдады – Жаңа дәуір

Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралы президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің өз еркімен қызметінен кету туралы өтінішін 92,3 пайыз дауыспен қолдады, деп хабарлайды Баян-Өлгий аймағында шығатын “Жаңа дәуір” басылымы.

Фото: janadauir.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Мемлекет басшысы мұндай шешімге өзінің ар-намысы мен президенттік лауазымның беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттардың таралуына байланысты келгенін мәлімдеді. Заңнамаға сәйкес, президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін оның міндетін парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогт атқарады. Ал Мемлекеттік Ұлы Хурал төрт ай ішінде кезектен тыс президент сайлауын өткізуге тиіс. Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылғы 25 маусымда Моңғолияның алтыншы президенті ретінде ант қабылдаған.

Өзбекстан мен Қазақстан өнеркәсіпке экологиялық технологияларды енгізу жөнінде келісімге қол қойды – ӨзА

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының COP31 конференциясы аясында Өзбекстан мен Қазақстан өнеркәсіп саласына озық экологиялық технологияларды енгізу жөнінде келісімге қол қойды. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Фото: uza.uz

Құжат химия, энергетика және цемент өнеркәсібінде экологиялық технологиялар бойынша анықтамалықтар әзірлеу, кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізу, мамандар даярлау және цифрлық платформаны дамыту бағытындағы ынтымақтастықты қамтиды. Сонымен қатар тараптар Орталық Азияда озық технологиялар жөніндегі өңірлік бюро құру және технологиялық деректер алмасу мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Қытай сейсмология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда – Халық газеті

Қытайдың Жер сілкінісі бюросы Геофизика институты 2026 жылы Ғылым және технологиялар министрлігі құрған үш халықаралық жас ғалымдар жобасының грантын жеңіп алды. Жоба аясында Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық байқау және зерттеулер орталығының үш жас ғалымы Қытайға шақырылып, үш айлық ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады. 

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, олар жер сілкінісін бақылау технологияларын жетілдіру, жасанды интеллект арқылы деректер сапасын бақылау, техногендік жер сілкіністері мен сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау бағыттарын зерттейді.

Фото: kaz.people.cn

Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы геофизика және сейсмология саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «Бір белдеу, бір жол» аясында жер сілкінісін бақылау технологиялары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қытайдың сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау әдістерін Қазақстанда қолдануға негіз қалайды.

Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Қазақстаннан Қытайға жемдік шикізат жеткізетін пойыз Гуйянға жетті» деген ақпарат жарық көрді. 

Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның Қапшағай станциясынан жолға шыққан, 54 контейнерге Қазақстанда өндірілген жемдік шикізат тиелген жүк пойызы 11 қарашада Қытайдың Гуйян халықаралық құрлық портына жетті. Қорғас порты арқылы тікелей қатынаған бұл пойыз биыл Орталық Азиядан Гуйянға келген екінші кері пойыз болды. Маусым айында қатынаған алғашқы пойызбен салыстырғанда тасымалдау мерзімі төрт күнге қысқарып, логистикалық тиімділік артқан.

Жоспар бойынша, қараша айында Орталық Азиядан Гуйянға жалпы 248 контейнерді қамтитын төрт кері пойыз жеткізіледі. Олардың барлығы Қазақстанда өндірілген жемдік шикізатты тасымалдайды. Тұрақты теміржол қатынасы жүк сапасын сақтауға, тасымалдау кезіндегі шығын мен бүліну қаупін азайтуға, сондай-ақ Қытайдың өңірлік жем өндірісі мен мал шаруашылығын сапалы әрі тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Халық газетінде “Цзянсиден Орталық Азияға автокөлік бөлшектерін тасымалдайтын алғашқы пойыз аттанды” деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Аталған басылымның мәліметінше, 16 қарашада Қытайдың Цзянси өлкесіндегі Нанчан халықаралық құрлық портынан «Нанчан – Цзянлин» бағытындағы Орталық Азия пойызы жолға шықты. 55 контейнерге тиелген 94 автокөліктің құрастырылмаған толық бөлшектері (KD) Қорғас арқылы Орталық Азияның бірнеше еліне жеткізіледі. Бұл – Цзянси өлкесінен тек автокөлік құрастыруға арналған толық бөлшектерді (KD) тасымалдаған алғашқы Орталық Азия бағытындағы пойыз.

Иран мен Қазақстан цифрлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады – ParsToday

Иран мен Қазақстан цифрлық инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар және жаңа технологиялар саласындағы екіжақты әрі өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ParsToday хабарлады. 

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, кездесу Дохада өтіп жатқан Халықаралық электрбайланыс одағының (ХЭО) Өкілетті конференциясы аясында ұйымдастырылды. Иранның байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Сейед Саттар Хашеми Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесіп, цифрлық инфрақұрылым мен жаңа технологиялар бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Тараптар сондай-ақ технологиялық компаниялар, ғылыми орталықтар мен бейінді мекемелер арасындағы байланысты нығайту жөнінде пікір алмасты.

Фото: parstoday.ir

Кездесу барысында халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл және қолдау көрсету мәселелері де сөз болды. Иран тарапы Қазақстанның ХЭО Кеңесі мен Радиобайланысты реттеу кеңесіне (RRB) мүшелікке кандидатурасын қолдайтынын және алдағы сайлауда дауыс беретінін мәлімдеді. Өз кезегінде Иран министрі Қазақстан делегациясын ХЭО-ның PP-26 жиыны аясында Иран ұсынған құжаттар мен қарарларды қолдауға шақырды. Айта кетейік, Халықаралық электрбайланыс одағының Өкілетті конференциясы 2026 жылғы 9–27 қараша аралығында Катар астанасы Дохада өтеді.

Ет, палау, лағман: Анкарада түркі халықтарының аспаздық мұрасы таныстырылады – TRT

Түркия астанасы Анкара қаласында Түркі әлемі гастрономиялық саммиті өтеді. Үш күнге жоспарланған іс-шара аясында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Қырым татарлары және Ұйғыр асханаларының дәстүрлі тағамдары көпшілік назарына ұсынылады.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«TRT»-ның дерегінше, саммит Анкараның 2026 жылғы «Түркі әлемінің туризм астанасы» атануына орай ұйымдастырылып, 19–21 қараша аралығында Халықаралық туризм және саяхат көрмесі аясында өтеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – түркі халықтарының аспаздық мұрасын сақтау, ұлттық тағамдардың рецептілерін келер ұрпаққа жеткізу және гастрономиялық туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

Саммит барысында Қазақстанның ұлттық тағамы – бешбармақ арнайы тәжірибелік көрсетілім арқылы таныстырылады. Сонымен қатар келушілер өзбек палауы, қырғыз орамасы, түрікмен палауы, ұйғыр лағманы, әзербайжанның шах палауы және өзге де дәстүрлі тағамдардан дәм тата алады. Үш күндік бағдарлама аясында алты шеберлік сабағы, алты тәжірибелік сабақ, тоғыз сұхбат және тоғыз байқау өткізу жоспарланған. Ұйымдастырушылар кейбір ұлттық тағамдардың өзіндік ерекшелігін сақтап, түпнұсқа дәмін жеткізу үшін қажетті арнайы ингредиенттерді тиісті елдерден алдырған.

«Соңғы күні Түрікменстаннан унаш сорпасы, Әзербайжаннан шах палауы мен көк қутаб, Түркиядан ұн халвасы мен тамаринд шәрбаты ұсынылады. Аспаздар көрсетілімінде ұйғыр лағманы мен Татарстанның үшбұрыш (эчпочмак) тағамы көпшілікке паш етіледі», деп жазады түркиялық БАҚ.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «2035 жылға қарай мұсылмандар саны христиандардан асуы мүмкін» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, АҚШ-тағы Pew зерттеу орталығының болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны христиандардан асып, ислам діні ең көп таралған дінге айналуы мүмкін. Зерттеу 2020–2070 жылдар аралығындағы жаһандық діни демографиялық өзгерістерді қамтиды.

Мамандардың мәліметінше, мұсылмандар санының жылдам өсуіне бала туу көрсеткішінің жоғарылығы мен халықтың салыстырмалы түрде жас болуы әсер етеді. Атап айтқанда, 2020–2025 жылдары мұсылман әйелдер арасындағы орташа бала туу көрсеткіші 3,1 болса, мұсылман емес әйелдерде бұл көрсеткіш 2,0 болған. Болжам бойынша, 2070 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны 3,6 миллиардтан асып, христиандар саны шамамен 3 миллиардқа жетеді. Осы кезеңде мұсылмандар әлем халқының 36 пайызы болуы мүмкін.