Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, заң шығарушы биліктің ағымдағы сессия барысындағы қызметі жанжақты, қауырт жұмысқа толы әрі табысты болды. «Сессия барысында Парламент палаталарының үш бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 жалпы отырысы өтіп, онда 335 мәселе қаралды. Сенаттың 33 отырысында 161 мәселе қаралды. Есепті кезең ішінде қос палатаның қарауында 190 заң жобасы келіп түскен болса, соның 113-і қабылданды. Осы сессия барысында екінші сессияға қарағанда 17 заң, ал үшінші сессияға қарағанда 9 заң артық қабылданып отыр», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Оның сөзіне арағанда, қабылданған заңдардың 4-еуі конституциялық, 9-ы дербес, 35-і заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, 65-і халықаралық келісімшарттарды ратификациялау туралы болып отыр.
Сонымен қатар, заң жобаларымен жұмыс барысында Мәжілісте бір мыңнан астам жұмыс топтарының, екі жүзден астам комитеттердің кеңейтілген отырысы өтіп, депутаттар заң жобалары бойынша 10 мыңға жуық ұсыныстар жасаған.