Бесінші шақырылған Парламент 36 заң қабылдады - Қ. Мәми

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Бесінші шақырылған Парламент осы сессия барысында 36 заң қабылдады.  Бүгін ҚР Парламенті Сенатында бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының қорытындысы бойынша өткен брифингте палата спикері Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

Сөз арасында спикер кеше Мәжілістің соңғы жалпы отырысы өткенін, бүгін Сенат та өз жұмысын тамамдағанын айтып, ертең Парламенттің бірлескен отырысында сессия жабылатындығын жеткізді.

«2012 жылғы 20 қаңтардан бастап, яғни бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясынан бастап, бүгінге дейін Парламент 36 заң қабылдады. Қабылданған заңдардың барлығы да стратегиялық даму бағдарламалары мен қазіргі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етіп, құқықтық негізді елеулі түрде нығайтты деп ойлаймын. Бұған бесінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы өз үлесін барынша қосты. Олар азаматтардың әл-ауқатын одан әрі нығайту, адами капиталды дамыту, білім беру және дәрігерлік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған заңдар болып табылады», - деді Қайрат Мәми. 

Оның айтуынша, өткен сессия аясында Парламент индустриялық жаңару, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды нығайту, нақты секторды дамыту саласында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған заңдардың үлкен топтамасы қабылданған.

Атап айтқанда, осы сессияда индустриялық-инновациялық қызмет, энергияны үнемдеу, мен оның тиімділігін арттыру, газбен қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды өркендету туралы бірқатар заңдар қабылданды. «Сондай-ақ, мемлекеттің құқықтық стратегиясын іске асыруға байланысты да бірқатар құжаттар қабылданды. Бұлар тұтастай алғанда құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің тиімділігін елеулі түрде арттыруды көздейді», - дейді Сенат төрағасы.