Айта кетейік, конституциялық өкілеттікке сәйкес, Сенат Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің жұмысын бір өзі атқарған болатын. Осы уақыттар аралығында дағдарысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруға қажетті 57 заң жобасымен тиянақты жұмыс жүргізілді. Заң жобаларын талқылау барысында сенаторлар 1,5 мыңнан астам түзетулер енгізіп, қабылданған заңдар сапасының деңгейін айтарлықтай жоғарылатқан.
«Парламенттің бесінші шақырылымы еліміздің қоғамдық өмірінде айрықша орын алатын оқиғалармен тұспа-тұс келгені де баршамызға белгілі. Елбасының тікелей бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастап, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақстанның әлемдік экономикаға терең ықпалдасуы жағдайында ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға қажетті құқықтық актілер қабылдау Парламенттің күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдар қысқа мерзім ішінде талқылынап, дер кезінде қабылданды», - деді жиын барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.
Спикер сенаторлар мен аппарат қызметкерлеріне де алғысын жеткізді. Оның айтуынша, Парламент заң шығару ісімен қатар басқа да шараларға белсенді араласқан. «Жалпы Парламенттің қызметіне Елбасы жоғары баға берген болатын. Біз мемлекет дамуының маңызды кезеңіне айқын мақсатпен сенімді қадам бастық. Елбасының елімізді кешенді жаңғыртуға бағытталған реформаларын одан әрі табысты іске асыруға белсенді түрде қатысуға тиіспіз», - деді Қ. Тоқаев.