«Бесоба: тағы қауіп туды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазір қарағандылықтарды алаңдатқан бұл хабар «шиқан үстіне қотыр» деген сөзді еске түсірердей. Апырай, сол сан соқтырған салақтық бір емес-ау, тағы таз қалпынан таймапты. «Түзеліс, өзгерістің «ұштығы түгіл, пұштығы жоқ» болып қалыпты. «Айтайын деп отырған мәселеміз дүйім жұртқа мәлім болған жайдың жалғасы. Қарағандының «Бесоба» атты аймағында бұрнағы жылы құлап қалған үйдің орнына салынып жатқан жаңасының құрылысынан да шикілік шықса, бұлай демеске не лаж? Атауы «Бесобадан» «Шапағатқа» ауыстырылған онда тұрғызылған сырты әп-әдемі көп пәтерлі мекенжайдың сапасы баяғы басы бапан, аяғы сапан күйге еніпті», - деп жазады газет. Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет тексерушілері анықтағандай, құрылыс талабының біраз ауытқулары бар, бұрынғысынша арзанқолды, көпке шыдас бермейтін материалдарды қолдану қайталанған көрінеді. Бұл туралы «Бесоба: тағы қауіп туды» деген мақалада берілген.

Осы басылымда «Қақ суын іздеген киіктей челябілік қандастар қазақ тілін үйренуге ықылас танытып отыр» атты мақала жарияланды. Барлығы да іштегі және сырттағы қазақтардың аралас-құралас болуды ойлаған ниетінен бастау алған сыңайлы. 2009 жылы жаз айында Қостанай облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов Челябідегі «Азамат» қазақ қоғамдық ұлттық-мәдени ұйымының жетекшісі Болат Хасановпен келісе отырып, сол жақтағы қазақ балаларының Қарабалық ауданындағы жазғы балалар лагерінде демалуын ұйымдастырды. Лагерьде оларға қазақ тілінде тақпақтар жаттатты, ойындар ойнатты, қазақша әңгімелер, әндер тыңдатты. Бұл ресейлік балалар үшін тың жаңалық болған еді. «Қазір жүргізіп отырған үлкен жұмысымыздың басы болған еді бұл. Мұнан кейін, біз Ресей аймағында қазақ тілін оқыту керек деп шештік», - дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова. ***

«Негізінен, шөл далада орналасқан бай араб елдері қазақтың ұлан-ғайыр саржайлауына үлкен қызығушылықпен қарап отыр. Мұсылман бауырлар, егер рұқсат етсек, Ұлы дала төсін мыңғырған малға толтыруға үлес қосуға құмбыл», - деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында жарық көрген «Мұсылман бауырлар дала төсін мыңғырған малға толтырмақ» деген мақаласында. Осы ретте алғашқылардың қатарында Қазақстан мен Бахрейн Королдігі мәмілеге келгенге ұқсайды. Кеше Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келді. Бұл ел ауыл шаруашылығында ынтымақтастық орнатуды ұсынуда.

«Айқын» газетінің жазуынша, Елбасының өзі кейінгі кездері ел экономикасын еселеп көтеруде кәсіпкерлерге ерекше сенім артып, қолдау білдірсе де, кейбір мемлекеттік қаржы ұйымдары мен облыстағы базбір басшылар кертартпалықтан арылмай келеді. Егер олар ескі сүрлеуден бас тартпаса, таяу уақытта қызметтерінен де айырылуы мүмкін. Президенттің инвесторлар кеңесінен кейін іле-шала баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылайша Қазақстандағы бизнесті дамытуға кедергісін тигізіп отырған келеңсіздіктерді атады.

«Кәсіпкерлер палатасының өңірдегі өкілдері кейбір шенеуніктердің туындаған ортақ мәселені талқылауға мойын бұрмайтындығын айтып шағымдануда. Астанада жұмыс қаншалықты қарбалас жүрсе де, кәсіпкерлікті дамытуға келгенде мұндағы министрлерден бастап барлығы да уақыт табады. Ал Елбасының өзі талап етіп жатқанда олардікі мүлде орынсыз. Кейде облыстардағы тендерлерге үнемі қатысып жүретін үш кәсіпкерді шақырып, түйткілдерді талқылаған секілді болады. Олардың ешқандай мәселе көтермейтіндігі де белгілі ғой. Алдын ала материалдарын беріп, не айтатындығын да құлақтарына құйып қояды. Мұнымен бизнестің кедергілері еңсерілмейді әрі мүлде дамымайды. Біз қалыптасқан тұрақты жүйенің жұмыс істеуін дұрыс көреміз. Егер ісіміз оңалмаса, Ұлттық палатаның барлық ресурстары арқылы жария түрде мұндай шенеуніктерді жұмыс істетпеуге тырысамыз », - дейді Мырзахметов.

Бұл туралы «Дамудың» қолдауы емес, кердергісі көп» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Ана тілі» басылымы соңғы санында «Сауал көп, жауап жоқ...» деген мақаланы көпшілік назарына ұсынып отыр. Еліміздің мектептерінде ағылшын тілін қай сыныптан бастап оқыту керек деген мәселе ғалымдар мен сарапшылар, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан көп талқыға түсіп келе жатқанына біршама уақыт өтті. Олардың арасында «бірінші сыныптан бастап оқытайық» дегендер де, «асықпайық, бала алдымен өзінің ана тілін меңгеріп алсын» дейтіндер де аз болған жоқ. Қоғамда, БАҚ беттерінде қызу талқыға түскен мәселеге жуық арада нүкте қойылғалы тұр. Ол нүкте қойылса, бұдан былай еліміздің жалпы білім беретін орта мектептерінде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқытыла бастамақ. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қоғам назарына ұсынылған «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының» басты жаңалығы осындай. Жобаны әзірлеген - «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. ***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Возвращение блудного Кеши» деген мақала берілген. Петерборлық «СКА» командасының және Қазақстан құрамасының қорғаушысы Кевин Даллмэн қайта үйге оралды. Енді оның астаналық «Барыспен» келісімі үш жылға есептеліп отыр. 33 жасар Даллмэннің петерборлық клубпен келісімшарты 30 сәуірде аяқталатын көрінеді. Алайда, Кевин әлемдік біріншілікке дайындалып жатқан ұлттық командаға қосылу үшін 22 сәуірде Астанаға ұшып келмек.