***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемде бірінші болып еліміздің егемендігін таныған және алғашқылардың бірі болып Алматыда елшілігін ашқан Түркиямен дипломатиялық қатынастарымыздың 20 жылдығы аталып өтуде.Сонау 1992 жылғы 2 наурыздан бастау алған Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар осы жылдар ішінде екі бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстарға айналып, тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Сондықтан осы 20 жылдық мерзім ішінде Қазақстанның еңсесін көтеріп, егемен ел болып қалыптасуына тамыры тереңде жатқан туысқан түрік бауырларымыздың қолдауы мен тілеулестігінің ықпал еткені даусыз. Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар жайында көтерілген мәселелер басылымның бүгінгі санында «Түбі бір Түркия: Тоғысқан 20 жыл» атты тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, үстіміздегі жылдың 22-24 мамыр күндері аралығында елордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен V Астана экономикалық форумы өткізіледі. Осымен қатарынан бесінші рет өткізіліп отырған халықаралық бұл форумның басты мақсаты - әлемдік қоғамдастықтың және Қазақстанның экономикалық даму үрдісіндегі әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және мәдени мәселелерді талқылау және оларды дамытудың ұтымды жолдарын табу. Әлемнің беделді сарапшыларының айтуынша, Астана экономикалық форумы бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыстың себеп-салдарларын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналған. Биылғы Астана экономикалық форумының басты тақырыбы - «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деп аталады. Аталмыш маңызды форум жайында «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Әлемдік пікірсайыс сахнасы» атты мақалада басылды.
***
«Үкімет сағаты» аясында депутаттар алдында есеп беру үшін кеше Парламент табалдырығынан Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мырза ішке аттаған болатын. Осыны пайдаланып, депутат Майра Айсина көкейін тескен сауалын төтесінен қойды. Қазіргідей алмағайып заманда қорғансыздың күні күн емес. Ал депутат ханымның айтуынша, кейбір елдерде заң бойынша азаматтар өздерін жеке қорғаныш заттарымен өздері қамтамасыз етуге міндетті екен. «Тіпті осы талапты орындамағандар әкімшілік жазаға тартылады» ,-деді М.Айсина. Мұны естіп, ТЖМ басшысы қолды бір-ақ сілтеді: «Біздің азаматтарды «противогаздар» сатып алуға мәжбүрлеу дейсіз бе?! Біз оларды өз мүліктерін сақтандыруға мәжбүрлей алмай жүрміз, ал «противогазға» қатысты бұлай істеу екі есе қиынға айналады!» Яғни бұл - «мүмкін емес» дегенді білдірсе керек. Әйткенмен, бір амалын қылу қажеттей, өйткені кеше Владимир Божконың өзі қазақстандықтарды жаппай жеке қорғаныш заттарымен қамту мәселесінің шешілмеген күйі қалып отырғандығын ашық айтты. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қорғансыздың күні күн емес» атты мақалада жазылған.
Үкімет ерекше көңіл бөлетін «моноқалалардың» қатары өзгеріссіз қалды! Бұған дейін бірнеше облыстың әкімдері тағы бірнеше қалаларына осындай айрықша «атақ» беруді сұрап, қолқа салып еді, бірақ олардың тілектерін орталықтағы шенеуніктер құлаққа ілмегенге ұқсайды. Әкімдерге басқа шағын қалаларын жергілікті бюджеттерінен дамытуға кеңес беріліпті. Кеше Министрлер кабинеті өз отырысында 2012-2020 жылдарға арналған «Моноқалаларды дамыту бағдарламасын» ақыры қабылдады. Бұл бағдарламамен тұрғындарының жалпы саны 1,5 миллион адамды құрайтын (ал бұл Қазақстандағы қала халқының 16%-ы) және жалғыз ғана саланы не кәсіпорынды тірек еткен 27 шаһар гүлдендірілетін болады. Аталмыш мәселе «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Елiмiзде 27 шаһар гүлденетін болды» атты мақалада көтерілген.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Киіктерге тағы да жұмбақ кесел тиді» атты ақпарат жарияланды. Басылымның жазуынша, Қостанай облысы аумағында 80 бас өлі киік табылды. 19 мамыр күні бұл хабарлама Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшілік бөліміне келіп түскен. Жаппай қырылудың себеп-салдары апта соңына дейін анықталмақ .
Осы басылым бетінде жарияланған «Бесобаны» сазға отырғызғандардың барлығы сазайын тарта ма?» атты мақалада Қарағандыдағы аталған тұрғын үй кешеніне байланысты туындаған мәселе көтеріліп отыр.
«Қарағандыны «Бесоба» тұрғын үй кешені қара бет қылды. Қасқырға қой бақтырғандай болған істің ақ-қарасы анықтала ма? «Бесобаны» сазға отырғызғандар сазайын тарта ма? Көпшіліктің көкейін тескен жалғыз-ақ сауал - осы бұл күні»,-делінген басылымда
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «General Electric Transportation» президенті және бас атқарушы директоры Лорензо Симонеллиді қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда «General Electric Transportation» компаниясымен тығыз әріптестік орнағанын атап өтті. Атап айтқанда, Астанада «Қазақстан темір жолдары» АҚ-мен бірлескен локомотив құрастыру жобасы ойдағыдай жүзеге асырылды. Өз кезегінде Л.Симонелли General Electric Transportation-тің Қазақстанмен ынтымақтастығының зор маңызын атап өтті. Аталған компаниямен ынтымақтастық бойынша «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Локомотив инвестиционного партнертства» атты материалда тарата жазылған.