Бестеректегі жол апаты: 3 баланы қағып өлтірген жүргізуші екі айға қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Үржар ауданында болған үш баланың қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша облыстық полиция департаменті қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Күдікті жүргізуші дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Сот санкциясымен оған екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық істің тергелуі Ішкі істер министрлігінің бақылауында, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, кеше Абай облысы Үржар ауданында 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.
Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Үш жасөспірім түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Абай облысында болған жол-көлік оқиғасына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әскери ұшақ жіберілді.
Бұған дейін жол апатынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы хабарлаған едік.
Кейіннен зардап шеккен екі баланы Астанаға алып келетіні белгілі болды. Оған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты тартылды.