Бет-жүзін тұмшалап жүретін адамдардың есебін жүргізбейміз — Мәдениет және ақпарат министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы биыл ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу туралы айта келе, бет-жүзді тұмшалайтын қара киімге қатысты ойын ортаға салды.
Осы орайда Kazinform агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдап, аталған мәселені көтерген еді.
— Қоғамда қара жамылып киінетін азаматтар бар, бұл мәселені қалай шешпексіздер? Бет-жүзіп тұмшалап қара киінген азаматтардың есебі жүргізіле ме? Оларға шектеу қойылуы мүмкін бе? — деген сауал жолдадық ведомствоға.
— Министрлік бет-жүзін тұмшалап қара киім киетін адамдардың тізімінің есебін жүргізбейтініне назар аударамыз. Сондай-ақ, ашық ақпарат көздерінен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бет-әлпетті толығымен жауып тұратын діни киімдерге тыйым салуға қатысты пікір білдіргені белгілі. Бұдан басқа, тиісті заңнаманы жетілдіру барысында сіздің тарапыңыздан қойылған сұрақтар ескерілетінін атап өтеміз, — деген министрліктен ресми сауалға жауап алдық.
Еске сала кетсек, елімізде соңғы жылдары хиджаб мәселесі жиі талқыланып жүр. Сенат пен Мәжіліс депутаттары да елімізде деструктивті діни ағымдар қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтып, дабыл қақты. Осы мәселені Kazinform тілшісі зерделеп көрген еді.
Айта кетсек, биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болмысымыздың маңызды көрінісі ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу керектігін айтқан еді.
— Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық, — деді Президент.
Еске сала кетейік, Швейцарияда паранжа мен никаб киюге тыйым салынды.