Бұл норма «Құқықбұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген. Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқықбұзушылық болып саналады.
Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды. Жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген.
Атап айтқанда, алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта аталған құқықбұзушылық бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады, - деді ІІМ.
Осыған дейін Маңғыстауда бетін тұмшалаған 50 шақты адамға ескерту жасалғаны туралы жаздық.