«Бейәдеп сөзге неге бейімбіз?» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының интернет нұсқасында « Қызылордадағы сұмдық апатқа кімнің себепші болғаны анықталды...» атты материал басылған. «Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағында орын алып, 10 адамның өмірін жұлып кеткен жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің есімі белгілі болды. Осы сұмдық апаттан аман қалған жолаушылар бірауыздан бұған джип тізгініндегі азаматтың айыпты екенін айтуда. Айтуларынша, қарсы бағытпен автобус емес, қымбат көлікті айдаушы жүйткіген. Рульде шенді қаржы полицейі отырған деген де ақпарат бар. Сол құзырлы органның атына кір келтірмес үшін тәртіп сақшылары кінәні автобус жүргізушісіне арта салды дейді жапа шеккен жолаушылар», - деп жазады газет КТК телеарнасына сілтеме жасап. Еске сала кетейік, 10 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апаты 7 мамыр күні Шиелі ауданының Тартоғай ауылы тұсында болған еді. Онда «Лэнд Крузер Прадо» мен «Мерседес» шағын автобусы бетпе-бет соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, көлік ішіндегі адамдар терезеден сыртқа ұшып кеткен. Айдалаға «жедел жәрдем» жеткенше, жарақат алған жолаушылар бірінен соң бірі жан тапсырыпты. Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, апатқа қарсы бағытпен жүрді делінген автобус жүргізушісі кінәлі саналған. Алайда, аман қалған адамдар мүлдем басқа мәлімет айтып отыр. Апаттан аман қалған тағы бірнеше адам қазір дәрігерлердің қарауында. Бірі басынан ауыр соққы алып, хәл үстінде жатса, енді бірінің қол-аяғы сынған. Ажалдан аман қалғандардың барлығының өміріне төнген қауіп жоқ, дейді ақ халаттылар. Ал, Қызылорда облыстық жол полициясы болса, әлі ресми жауап қатқан жоқ. Сондықтан жапа шеккендер Қызылорда облысының әкіміне хат жазып, істің әділ тергелуін сұрап отыр.
***
«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Бейәдеп сөзге неге бейімбіз?» деген талдамалы мақала берілген. Ағылшын тілінде «сленг», «жаргон» деген сөздер бар, оның мағынасы фразеологизмге ұқсас, яғни фонетикалық, грамматикалық жүйеге бағынбайды. Осындай сөз тіркестеріне жастар тым құмар болып барады. Оны сәнге айналдырып алған, мақтаныш көреді: «сындырды», «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «қуады екенсің», «лақтырып кетті», «қораға кірді» деген сөздерді жиі естиміз. «Шешімін таба алмаса, «тормозы ұстап қалды», «зависать етіп қалды», көпшілікпен келуді «толпа», менменсуді «типаж болу», ақша талап етуді «счетчик қою», қоңырау шалуды «маяк тастау» деп жатады. Бұл жаргон сөздерде орыс сөздерінің компоненттері бар. Бірақ бұл Тургеневтің, Толстойдың, Чеховтың тілі емес, демек бұл орайда жақсы нәрсені, озық ойды алып отырған жоқ. Бұл көшенің сөзі. Бұндай сөздер біздің кезімізде де болған. Бірақ оны көпшілік орында емес, өз орталарында қолданатын. Шекарадан шығып бара жатса, тыйым салушылар (ата-ана, мектеп, қоғам болып) тосқауыл қоя білетін», - деп жазады мақала авторы.
Осы басылымда «Қайтсек көбейе аламыз?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Статистика мамандары 2015 жылдан бастап Қазақстандағы бала туу саны төмендей бастайтыны туралы болжам жасады. Оның себебі 90-жылдардағы демографиялық дағдарыс кезінде дүниеге келген балалардың репродуктивті жасқа түсуі екен. Яғни тәуелсіздік жылдары өмірге келген бала санының аздығы бүгінгі күннің демографиялық көрсеткішіне де әсер еткелі отыр. «Қазақстанның халық санына орасан ықпал ететін екі демографиялық толқын бар. Біріншісін «күшті толқын», екіншісін «әлсіз толқын» деуге болады. Бұл толқындардың тарихы тым терең емес, Ұлы Отан соғысы жылдарына барып тіреледі», - деді мақала авторы.
***
«Түркістан» басылымында « Балақайдың арманы орындалды, Қайрат Нұртас қарадомалақтың халін сұрауға барды» деген тақырыппен мақала берілген. Бес жасар балақайдың басты тілектерінің бірі орындалды. Ендігі арманы - жанына батқан дертінен құлан-таза айығу. Ол да балақайдың тағдырына немқұрайды қарамайтын жанашыр ағайынның қолындағы шаруа. Қызылорда облысында тұратын бес жастағы балақайдың бойында туабітті дерті бар: ихтиоз. Яғни, анасының құрсағынан денесінің 90 пайызын құдды күйік шалғандай, қабыршақтанып шыққан. Оның неден пайда болғанын дәрігерлер тап басып айта алмай отыр. Қандай емі барын да білмейді. Сосын шығар Жасұланның құлан-таза айығып кетуі тек шет елдердегі дәрігерлердің қолында көрінеді. Ол үшін ата-анасы 8 миллион теңге жинауы тиіс.
Осы газетте филология ғылымдарының кандидаты Қоңыр Мұқатайқызымен арадағы сұхбат «Кітаптың саны көп. Сапасы қандай?» деген тақырыппен берілген. «Иә, мен онымен келісемін, бүгінгі күнде кітап шығару мәдениеті төмен, оны мойындауымыз керек. Қазақстанның тәуелсіздік алуы бүкіл баспа ісінің дамуына жаңа серпін берді. 1991 жылы Кітап палатасында «Рауан», «Жалын», «Жазушы», «Қазақстан», «Өнер» сияқты небәрі 14 баспа тіркелген болса, қазіргі кезде олардың саны жоғарыда айтып кеткендей 360-қа жеткен. Нарық заманына байланысты кітап, баспа ісі де бизнестің бір түріне айналды да, кітап басу саласын да баспа-полиграфия саласынан хабары жоқ, тәжірибесіз әр түрлі мамандық иелері келді. Олардың кәсіптік білімі, баспа жұмысынан тәжірибелері жоқ болған соң, ол әрине шығарып отырған кітаптарынан көрініс табады. Сондықтан да баспа саласының қарқынды дамуына байланысты, оның мамандарын да дайындау күн тәртібінен түспейтін мәселе», - дейді ол.