Бейбіт Атамқұлов «ExxonMobil» компаниясының басқарушы директорымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігінде ведомство басшысы Бейбіт Атамқұлов «ExxonMobil» компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Динеш Сивасамбумен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан саяси және экономикалық бағыттың сабақтастығын сақтап отыр, бұл жалпы бизнес қоғамдастығы үшін маңызды белгі. Біз «ExxonMobil» компаниясының әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастық рухын ұстануын, сондай-ақ Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», - деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.

«ExxonMobil» өкілі өз қызметіндегі алдағы жоспарларымен бөлісіп, ҚР Үкіметі тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолдауын оң бағалады.

«Инвестор ретінде біз Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз», - деді Д.Сивасамбу.

Кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалық бағыттары, оның ішінде қайта өңдеу салаларын дамыту және индустрияландыру үшін компанияның инвестицияларын қайта пайдалану мәселесі талқыланды.

СІМ басшысы «ExxonMobil» түрлі салалардағы жаңа экономикалық жобаларға өз қаражатын қайта инвестициялау мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ америкалық корпорацияның түрлі өнімдерін жеткізуге жұмыс атқаратын жаңа компаниялардың Қазақстанға келуіне ықпал етуге шақырды. Тараптар осы бағыттағы диалогты дамытуға келісті.

Сондай-ақ, «ExxonMobil» компаниясы еліміздің аумағында өндіріске, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, компания жұмыс істейтін аймақтарда және жалпы Қазақстан бойынша денсаулық сақтау және білім беру салаларына одан әрі инвестициялауға мүдделі.

Сондай-ақ кездесу барысында Д.Сивасамбу «ExxonMobil» компаниясы басшылығының алдағы 32-ші Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысуын растады.

Айта кетейік, «ExxonMobil» елдегі алғашқы батыс инвесторларының бірі және Қазақстанның бұл компаниямен ынтымақтастығына 26 жыл болды. Осы кезеңде Қазақстанға салынған инвестициялардың көлемі 22 млрд. АҚШ долларын құрады.