«Кипрлік компанияларды қазақстандық әріптестерімен кеңірек жұмыс жүргізуге шақырамыз. Қазақстанда жайлы әрі инвестициялық тартымды климат қалыптасқан. Еуразиялық экономиалық одаққа мүше елміз. Қазақстанда қазіргі таңда кипрлік капиталы бар 207 компания тіркелген», - дейді Бейбіт Атамқұлов Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесу барысында.
СІМ мәліметіне сүйенсек, кипрлік кәсіпкерлер елімізде негізінен пайдалы қазбаларды өндіру, сауда, құрылыс, көліктік-экспедиторлық және қаржылық салада еңбек етуде.
«Сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты нығайтудың зор мүмкіндіктері бар. Кипр бизнес-база ретінде Қазақстанның стратегиялық орналасуын ескере отырып, екі елге де тиімді жұмыс жүргізе алады», - деді өз кезегінде Никос Христодулидис.
Еске сала кетсек, елордада бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Кипрдің Сыртқы істер министрі Никос Христодулидиспен кездесіп, екі елдің ынтымақтастығының маңызды мәселелері талқылаған болатын.