ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сыртқы саясатты экономизациялау, шетелдік инвестицияларды тарту және қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін сыртқы нарықтарға шығару мәселелері әрқашан Сыртқы саяси ведомствосы қызметінің басты басымдықтарының бірі болған.
Енді, бұрынғы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» АҚ Сыртқы істер министрлігінің құзырына ауысады. Осыған орай, сыртқы саяси қызметтің негізгі бағыттарынан бөлек біз жоғарыда аталған құрылымдардың механизмдерін белсенді пайдаланамыз. Бұл инвестицияларды тарту бойынша жұмыста шетелдік инвесторларға ерекше көңіл бөлінеді деген сөз.
Қазақстанда барлық деңгейлерде инвесторлармен өзара әрекеттесудің тиімді институттары құрылған. Сыртқы істер министрлігі инвестициялық және экспорттық қызметінің жалпы үйлестірушісі болады.
«Барлықтарыңызға мәлім, барлық салалық министрліктер экспорт мәселесімен айналысуда. Өз кезегінде, Сыртқы істер министрлігіне олардың бұл жұмыстағы күш-жігерін үйлестіру, тиісті ақпаратты тарату, екіжақты кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыру, сондай-ақ қазақстандық тауарларды экспорттаушыларға тікелей қолдау көрсету мәселелері жүктелді»,-делінген ҚР СІМ таратқан ақпаратта.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Kazakh Export» АҚ ЭСҚ, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында алдын-ала қабылданған Бірлескен іс-қимыл жоспарларына қосымша ретінде, жақын арада Сыртқы істер министрлігінің жаңа құзыретіне қатысты Мемлекет басшысының Жарлығын жүзеге асырудың практикалық механизмі пысықталады.
Экспорттық бағыттағы қызметті үйлестіру функциясы қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарының қолжетімділігін мақсатты түрде зерттеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ маңыздысы, біздің елден тауарлар мен қызметтерге кедергі келтіретін барьерлерді жою бойынша келісілген келіссөздер жүргізу тактикасын құруға жол ашады.