Бейбіт Атамқұлов ШҚО-да «Ауыл - ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысу үшін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов барды.

Министр облыстың Жарма ауданының Әуезов кентіндегі ұлттық жоба аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Бақыршық орта мектебіне барды. Оқу орнында едендер, есіктер, кәріз жүйесі, су құбыры, жылу және электр желілері ауыстырылды, сондай - ақ сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Осы кентте ҚР ИИДМ басшысы Мәдениет үйі құрылысы барысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған соң тұрғындар ғимараттағы 120 орындық кітапханаға және 400 орындық көрермен залын пайдалана алады.

Сондай-ақ, Бейбіт Атамқұлов «Талдықорған-Өскемен» және «Қалбатау-Майқапшағай» автожолдарының қайта жаңартылған учаскелерін қарап, жол бойындағы сервис жұмысымен танысты.

Министр өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Глубокое кентіндегі Мәдениет үйіне де барды. 300 орынға арналған көрермен залын көрді. Сонымен қатар, мәдениет үйінің қызметкерлері үйірме сабақтарына арналған шеберханалардың жұмысы туралы айтып берді. Мұнда балалардың хореографиямен, вокалмен, музыкалық аспаптарда ойнаумен, сәндік-қолданбалы өнермен, тенниспен айналысады. Сондай-ақ, мәдениет үйінде ардагерлер ұжымдары, соның ішінде «Асыл мұра» және «Ивушка» ұжымдары орналасқан.

Мәдени нысанның ерекшелігі заманауи жабдықтары мен кинотеатры бар. Ғимарат алдында қазақтың ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың мүсіні қойылып, гүлзар абаттандырылған.

Көкпекті ауданы Самар ауылының көшелерін де қарады. Онда орташа жөндеу 95% - ға аяқталған. Ауылда барлығы 7 шақырымнан астам жол жөнделеді. Осы елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бассейн құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда жұмыстар 80% - ға орындалды. Жоба аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары ұзындығы 25 метрлік төрт жүзу жолында спортпен шұғылдана алады.

Сосын министр облыстың Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелі құрылысының орнын аралады. Қазір нысанда дайындық жұмыстары, электр желілерінің және учаске қызметкерлеріне арналған екі жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Өңір тұрғындары оны 2024 жылы пайдалана бастайды деп жоспарланған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірдің инфрақұрылымдық дамуы бойынша жұмыс жүргізуде: ауыл тұрғындарын тұрғын үймен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді, аудандық және облыстық орталықтарға дейін кірме автомобиль жолдарын салу және жөндеумен айналысады.

2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының ауылдық елді мекендерінде тұрғын үй құрылысына 372,5 млн теңге бөлінді. Өңірдің 683 ауылының 529-ы сумен қамтамасыз етілген, «Ауыл - ел бесігі» аясында тағы 125-сі қамтылады. 2021 жылы ШҚО-да 199 шақырым жол жөнделеді.