Бейбіт Атамқұлов соңғы жылдардағы Елбасының шетелдегі келіссөздері туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның мүшелегі аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келіссөздері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астананың месседжі айқын - ол «блоктық ойлаудан» арылу және әлемдік күн тәртібінің түйінді мәселелері бойынша бәтуаға қол жеткізу үшін жетекші державалардың арасында инклюзивтік диалогтың қажеттігі. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы кезіндегі жетістіктердің көбіне-көп Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы белсенді қызметінің және оның принциптік бейбітсүйгіш бастамаларының арқасында мүмкін болғанына еш күмән жоқ. Тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Президенттің жиырма төрт шетелдік, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапарлары өтіп, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік лидерлермен көптеген келіссөздері өткізілді. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дипломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды», - деді министр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның қызметіне арналған Үкімет сағатында.

Осы орайда Б. Атамқұлов еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына тоқталды.

«2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифинг біздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысымыздың шарықтауы болғаны сөзсіз. ҚР Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет төрағалық етті және Кеңестің ресми отырыстары залында мемлекеттік тілде сөз сөйледі. Қазақстанның тәжірибесі негізінде Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуда сенімнің ерекше рөліне арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлемнің стратегиялық мақсатының қолжетімділігін атап көрсетті. Қазақстан басшысы төрағалық еткен отырыс өзара түсіністік атмосферасында өткен және Корей түбегіндегі жағдайды қоса алғанда, осы заманғы өзекті сын-тегеуріндерді сапалық жағынан жаңа тұрғыда қарауға мүмкіндік берген Қауіпсіздік Кеңесінің аздаған іс-шараларының бірі болды. Бұл Президенттің саяси көрегендігін және оның айрықша бітімгершілік әлеуетін тағы бір рет айқындады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Бұдан бұран хабарланғандай, Сыртқы істер министрі Қазақстан БҰҰ аясында өз миссиясын абыроймен орындағанын мәлім етті.