«Бейбіт атом - заман талабы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» газетінде «Бағдарламаны жүзеге асыруға бүкіл өңірлер қатысуы қажет» деген тақырыппен материал берілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдерімен кездесті. Кездесуде Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген жаңа экономикалық бағдарламаны жүзеге асыруға бүкіл өңірлер қатысуы қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс әкімдерінің бар мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы керектігіне назар аударды. Сондай-ақ, әкімдер Президентке өздері басқарып отырған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Жуырда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау баурайында болып, онда «Хабар» агенттігінің журналисіне берген сұхбатында ел тағдырына байланысты көптеген мәселелер қамтылғаны белгілі. Бұл өзі көптеген бағдарламалық сипаты бар мемлекеттік құжаттардан кем соқпайтын өте салиқалы әңгіме болды. Ел зиялыларының оны «ұлт ұясы Ұлытау төріндегі ұлағат» деп айтып жүрулерінде терең мағына бар. Осы тақырыптағы ой-толғауды газет бетінде «Мәдениет қайраткері» және «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет төсбелгілерінің иегері, көкшетаулық Ғосман Төлеғұл жалғастырған. Тіл мәселесіне орай түйінді ойларын білдірген бұл мақала «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...» деген тақырыппен берілген. «Егемен Қазақстан» газетінде «Бейбіт атом - заман талабы» атты мақала жарияланды. Курчатов қаласында «Семей сынақ полигоны. Радиациялық мұра және даму келешегі» тақырыбында VI халықаралық конференция өтті. Конференцияға Ресей, Грекия, Украина, Австрия, Чехия, Оңтүстік Корея елдерінен ғалымдар қатысты. Жиында қазіргі кездегі қоршаған ортаның жағдайы, радиа­цияның табиғатқа келтіретін зияны қарастырылды. Ғалымдар мен мамандар Семей мен Капустин Яр сынақ полигондары аумағындағы өзгерістерді басты назарға алды. - Біз Шаған өзенінде тритий бар екенін, оның қалай пайда болғанын және оның жайылмауы үшін не істеу керектігін де зерттеп, білдік, - дейді Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының басшысы Сергей Лукашенко. - Бұдан бұрын Семей ядролық полигонының 3000 шаршы метр солтүстік аумағының зерттеу нәтижелері ұсынылса, бүгінгі күні бұл шекаралар едәуір кеңейтілді. «Телькем» алаңқайымен шектесіп жатқан «Балапан» аумағын қоса есептегендегі 800 километрлік аумақты зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазақстандық ғалымдар соңғы кездері «Атом көлі» мен «Опытное поледегі» радиацияны толық тексеруде. Толық зерттеулердің нәтижесі бойынша біз Семей сынақ полигонының оңтүстік-шығыс бөлігін ауыл шаруашылығына қайтаруды жөн санадық. Бұл - Саржал ауылы тұрғындарының баяғыдан айтып келе жатқан тілегі. Бірнеше рет Парламентке, Үкіметке өтініш жасалды. *** «Айқын» газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» - болашаққа бастар жол» Жолдауының толық мәтіні берілген. «Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда. Мен өзімнің тәжірибемнен алдын-ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде, не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда»,-деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Сонымен қатар осы басылымда Президент Жолдауына байланысты бірқатар қоғам қайраткерлерінің, экономика саласы мамандарының, депутаттардың, сарапшылардың және түрлі сала мамандарының пікірлері берілген. - Елбасының бүгінгі «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтқандарын және жаңа Жолдауын «дағдарысқа қарсы бағдарлама» деп бағалауға болатындай. Президент тапсырмасына сәйкес, енді Ұлттық қордан 3 жыл бойы - 2015-2017 жылдар аралығында экономикаға барлығы 9 миллиард доллар қосымша құйылады. Демек, ел экономика сының «күретамыры» суалмайды, - дейді Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Елбасы Жолдауына орай газетке берген пікірінде. - Бұған жыл сайынғы триллиондаған бюджеттік қаржыларды қосыңыз. Сонымен бірге республикамызға Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі секілді халық аралық қаржылық ұйым дардың да осы мерзімде 9 миллиард доллардан астам несие қаржысын әкелетіндігі туралы уағдаластық бар. Біз Мемлекет басшысының бүгін жариялаған шешімдерін қуанышпен қарсы алып отырмыз. Қазақстан Көшбасшысы кезекті рет даналық және көрегендік танытты. Ол әлемдік экономика үшін кем дегенде 2-3 жыл өте күрделі болатындығын ескертті. Бұл ретте Қазақстанның дағдарыс қа дайын далып, келесі даму белесіне әлсіреп емес, тың күшпен кіруге мүмкіндігі бар. Жағдайымыз жаман емес, еліміздің 105 миллиард доллардан астам халықаралық резерві бар

*** «Экспресс-К» газетінде «Почетная филькина грамота» деген мақала басылды. Ақмола облысында жоғары білімі туралы жалған дипломмен мемлекеттік мекеменің басшысы жұмысқа орналасқаны анықталды. 2005 жылы Айзада Төлегенова Целиноград аудандық әкімдігіне маман болып орналасқан екен. Ол Орталық-Азия университетіндегі «заңгерлік» мамандығын тәмамдағаны туралы дипломның көшірмесін ұсынған. Өткен жылы ол конкурс бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметіне өткен екен.