Бейбіт Исабаев өзін «ұйықтап жүретін әкім» дейтіндерге жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өзін жұмысы көрінбейтін «ұйықтап жүретін әкім» деп пікір айтқандарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: parlam.kz

Баспасөз маслихаты барысында БАҚ өкілі Бейбіт Исбаевқа «Жұмысыңыз неге көрінбейді, неліктен сізді «ұйықтап жүретін әкім» деп атайды?», деп сауал тастады.

«Иә, мен ұйықтаймын, бірақ тәулігіне 4-5 сағат қана. Мен немен айналысамын? Бұл ретте жауап қысқа болады. Облыс бөлінген кезде өңір әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада 19-20 орында болды. Ал, енді мұқият тыңдаңыз: 2022 жылдың қорытындысына сай, барлық индикатор бойынша Жетісу облысы 4-орынға тұрақтады. Бұл менің жұмысымның нәтижесі», - деп жауап қатты Бейбіт Исабаев.

Қоса кетсек, аталған баспасөз маслихаты барысында өңір басшысы Талдықорғанда мемқызметшілер, журналистер, спортшылар мен әртістер пәтерді заңсыз алғанын мәлімдеп еді.