ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына қатысушы-мемлекеттерінің лаңкестікке қарсы әскери командалық-штабтық оқу-жаттығуы Худжанд қаласының Чорух-Дайрон полигонында өтеді. Аталмыш оқу-жаттығуға ШЫҰ құрамына кіретін Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері әскерлерінің құрамалары қатысады. «Бейбіт миссия-2012» оқу-жаттығуы барысында әскери бөлімдер таулы аймақтар жағдайларында бірлескен операцияларын өткізеді.
Қазақстан тарапынан Аэроұтқыр әскерлері десантты-шабуылдаушы бригадасының бөлімшелерінен басқа МИ-24 және МИ-17 тікұшақтары, Су-27 екі ұшақ құрамында әскери және фронттық авиация жұмылдырылады.
Оқу-жаттығуға Қытайдан жаяу әскерлері мен артиллериялық топ келеді, Қырғызстаннан таулы аймақта ататын рота, арнайы мақсаттағы топ пен Ресей Федерациясының БТР-80 әскери техникасында мотоатқыш батальонының қатысуы көзделіп отыр. Тәжікстан тарапынан десантты-шабуылдаушы және мотоатқыш батальондары қатысады.
Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде Худжанд қаласында ШЫҰ қатысушы-мемлекеттері қарулы күштерінің бас штабтары бастықтарының әскери-саяси кеңесі өтеді. Қазақстан тарапынан Министрдің бірінші орынбасары - ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сакен Жасұзақов шығады.
Аймақтың әскери-саяси жағдайын бағалағаннан кейін Бас штабтарының бастықтары терроризмге қарсы операцияларға дайындық және оларды өткізу туралы бірлескен оперативті директиваға қол қояды.
Оқу-жаттығудың келесі екі кезеңінде әскерлердің бірлескен топтары таулы аймақ жағдайларында терроризмге қарсы операцияларды жүзеге асырады.
Алдыңғы «Бейбіт миссия» жаттығуы осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда Жамбыл облысы Мәтібұлақ полигонында өткендігін еске сала кеткен жөн. Жалпы есеппен алғанда, сол кезде оқу-жаттығуға алты мыңнан астам адам қатысып, бір жарым мыңнан астам әскери техника мен қару-жарақ қолданылды.
Тәжікстанға келе салып, қазақстандық әскери бөлімдер оқу-жаттығудың тактикалық эпизодтарына дайындық жұмыстарын бастауға кіріседі. Тәжікстанда өтетін «Бейбіт миссия-2012» оқу-жаттығуына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков келеді деп жоспарлануда.