«Бейбіт миссия - 2014» аясында келіссөздер басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжіңде «Бейбіт миссия-2014» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларының алғашқы штабтық келіссөздері өткізілуде. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, келіссөздерде ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастаған қазақстандық әскери делегация оқу-жаттығудың жоспарын, мақсаты мен тапсырмаларын, сондай-ақ ұйымдастыру мәселелерін талқылауда.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық Қазақстанның көп векторлы саясатының маңызды элементі болып табылады. Әрі ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосады. Қазақстан ШЫҰ-ның өзара сенімді нығайту, достық пен тату көршілік, көп салалы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ бой көрсеткен лаңкестік, сепаратистік және экстремистік әрекеттерге бірлесіп қарсы тұра білу мақсаттарына жақын», - деп атап өтті генерал-майор Мұқан Дүйсекеев.

ШЫҰ форматындағы командалық-штабтық оқу-жаттығулары дәстүрлі түрде ұйымға мүше мемлекеттер аумағында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Аталған іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының әскери контингенттері қатысады.

Биыл «Бейбіт миссия - 2014» оқу-жаттығулары ҚХР аумағында өтеді. 2010 жылы «Бейбіт миссия» оқу-жаттығулары Қазақстанның Мәтібұлақ полигонында өткен болатын.