Бейбіт Назаров ережесіз жекпе-жектен WAFC нұсқасы бойынша Еуразия чемпионы атанды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыдағы Республика сарайында өткен халықаралық турнирде Бейбіт Назаров ережесіз жекпе-жектен WAFC нұсқасы бойынша Еуразия чемпионы атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 75 киләға дейінгі салмақ бойынша өткен бұл жекпе-жек 5 минуттан тұратын екі раундтық кездесу еді. Көрермен қолдауына сүйенген қазақстандық Бейбіт Назаров ресейлік қарсыласы Аслан Алгереевті алғашқы раундта-ақ тізе түктірді. Ол чемпиондық белдікті ережесіз жекпе-жектің әйгілі шебері Олег Тоқтаровтың қолынан алды. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылында 1987 жылы өмірге келген Бейбіт қазір Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетінде 4-ші курста білім алып жатыр. Бұған дейін жастар арасында джиу-джитсуден Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2007 жылы панкратионнан Бішкекте өткен халықаралық турнирдің чемпионы және Тараздағы супер жекпе-жектің жеңімпазы болды. Ал ережесіз жекпе-жектен 2008 жылы Қарағандыда болған халықаралық турнирде топ жарып, Бішкекте Азия чемпионы атағына қол жеткізіп, биыл Алматыда өткен «Алтын жұдырық» халықаралық турнирінде үздік шыққан спортшы. Сағатбек Мұсахановтан тәлім алған ол осы уақытқа дейін 19 кездесу өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен. 21 жастағы Бейбіт енді 20-шы кездесуін де жеңіспен аяқтап отыр. Оның осы жолғы қарсыласы 1980 жылы Гудермес қаласында дүниеге келген Аслан Алгереев жауынгерлік самбодан және еркін күрестен спорт шебері. Джиу-джитсудан Ресейдің абсолютті чемпионы, самбодан 2004-2006 жылдардағы Ресей чемпионы және жауынгерлік самбо мен ережесіз жекпе-жектен де Ресей чемпионы атанған. 2002-2009 жылдары өткен түрлі халықаралық турнирлердің және Грозныйдегі ең мықты спортшылар турнирінің жеңімпазы. Ислам Дацаевтан тәлім алатын Аслан осы уақытқа дейін 40 жекпе-жек өткізіп оның 36-сында жеңіске жеткен.