Бейбіт Назаров ережесіз жекпе-жектің WAFC тұжырым бойынша Әлем чемпионы атанды

АЛМАТЫ. Тамыздың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бейбіт Назаров кеше Алматыда ережесіз жекпе-жектен   WAFC тұжырымы  бойынша Әлем чемпионы атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         1987 жылы Алматы облысы Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылында өмірге келген Бейбіт  Қазақтың  Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетінде 4-ші курста оқиды.   «Бейбарыс-Profil» кәсіби спорт клубының бапкері  Сағатбек Мұсахановтан тәлім алған ол бұған дейін 20 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен болатын. Осы уақытқа  джиу-джицуден Қазақстанның екі дүркін чемпионы, панкратианнан 2007 жылы Бішкекте өткен  халықаралық турнирдің және  Тараздағы супер жекпе-жектің   жеңімпазы.  Ережесіз жекпе-жектен 2008 жылы   Қарағандыдағы халықаралық турнирде топ жарып, Бішкекте Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Ал биыл Алматыдағы «Алтын жұдырық» халықаралық турнирінде   үздік шықты, сондай-ақ  сәуір айында өткізген соңғы жекпе-жегінде  WAFC тұыжырымы бойынша Еуразия чемпионы атанды. 

         Бұл жолы ол  WAFC тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағы үшін оңтүстік кореялық Сео Сюнг Кионгпен  сайысқа түскен болатын. Ережесіз жекпе-жектен бұған дейін 18 кездесу өткізген ол  ММА  және  WXF тұжырымдары бойынша Корея чемпионы атанып, хакидодан 4-ші дан дәрежесіне қол жеткізген. Шаршы алаңда халықаралық дәрежедегі төреші Дәуренбек Жақаев қазылық жасаған бұл жекпе-жектің супервайзері Бүкіләлемдік абсолюттік жекпе-жек кеңесінің (WAFC)  президенті Георгий Кобылянский болды. Алғашқы раундта-ақ қарсыласының ауыр соққыларынан кейін естен танған Сео Сюнг Кионгқа  дәрігерлердің көмегі қажет болды.  Жеңімпазға Әлем чемпионы белдігін Г. Кобылянский  тақты.  Алтынмен апталған бұл белдік  100 мың АҚШ долларына Кореяда арнайы тапсырыспен жасалған болатын. Салтанатты марапаттау рәсімі кезінде ережесіз жекпе-жектен  Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарған  Сағатбек Мұсахановқа Бейбіттің ағасы Ардақ Назаров темір тұлпар мінгізді. Ол ережесіз жекпе-жек спортынан 8 жылдың ішінде 41 кездесу өткізіп,  Азия, Еуропа чемпионатының және Әлем кубогының жеңімпазы атанып, 2 мәрте Еуразия чемпионы, 3 мәрте Әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Алдағы жылы Әлем чемпионы атағын 4-ші рет қорғағалы отырған оның ендігі арманы UFC тұжырымы бойынша абсолютті чемпион атану.