Бейбіт Шүменов: Астананың 20 жылдығына әсерлі бокс кешін сыйлауға дайынмын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой боксшы есте қаларлық бокс кешінен бөлек халықтан қолдау көрсетуін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 шілде күні елордада кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов WBA-дің бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін түркиялық Хизни Алтынкаямен қолғап түйістіреді. Боксшы жекпе-жегіне орай баспасөз мәслихатын өткізді.

«Алған жарақатыма байланысты екі жылдай спорттан қол үзген болатынмын. Қазір толық қалыптасып аренаға қайта шығуға әзірмін. Астана күні мерекесіне сәйкес келген бәсекемде қала тұрғындары мен қонақтарына әсерлі бокс кешін сыйлауға дайынмын. Дайындыққа келсем, барлығы 114 раунд жасадым, оның ішінде бразилиялық және ирландиялық боксшылармен екі спарринг партиясын өткіздім. Бас бапкерім кубалық Исмаил Салас өз ісінің шебері, кәсіби қызметінде 19 әлемдік бокс чемпионын дайындап шығарды. Қарсыласым Алтынкаяныңда бокстағы жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай, бұл менің дайындықты күшейтуіме өз әсерін тигізді. Ендігі сұрайтыным маған және біздің командамызға қолдау көрсетіңіздер, халықтың қолдауы бізге дем береді», деді Бейбіт Шүменов. 

Айтулы бокс бәсекесіне WBA-дің барлық басшылығы - ұйым президенті Жилберто Хесус Мендоса, вице-президент Хосе Оливер, ұйым директорлары Джордже Мартинес, Карлос Чавес, Мариана Борисова Астанаға келеді.

WBA атынан рингтегі рефери Тони Уикс болады, төрешілер - Лешек Янковяк, Стефано Карозза, Равел Кардини.

     Кешті Майк Маркхам жүргізеді (ring annоuncer). Сондай-ақ елордаға WBA-дің PR-қызметі, телепродюсерлері мен бапкерлер құрамы келеді, деп күтілуде.

«Жалпы Бейбітпен 3 ай дайындық жұмысы жүргізілді, соның 6 аптасында бірге дайындық жасадық, оның ішінде 120-ға жуық спарринг өткізілді, қысқасын айтқанда Бейбіт толық бәсекеге дайын деп айта аламын»,- деді боксшының бас бапкері Исмаил Салас. 

Айта кетейік, Бейбіт Шүменов әлем чемпионатында алған жарақатына байланысты кәсіби бокстан уақытша қол үзген болатын. Бүгінде Шүменов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының рейтингінде - екінші орында, ал оның қарсыласы Хизни Алтункая үшінші орында тұр.

Айтулы бокс бәсекесі Астанада 7 шілде күні «Барыс Арена» мұз сарайында, сағат 13:00-те болады.