Министрлік Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылғанын атап өткен.
«Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау. Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескертулер ескеріліп, қателер түзетілді» деп жазылған хабарламада.
Мәліметке сай, заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса беріледі. Анықталған қателіктер туралы ақпарат бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты, заң жобалары Парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылды.