АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтау теннис мектебінің түлегі, 22 жастағы Бейбіт Жұқаев Қазақстанның үшінші раккеткасы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен жаңартылған әлемдік рейтингіде Б.Жұқаев 256-дан бірден 236-орынға көтерілді.
Бұдан екі апта бұрын 325-сатыда тұрған Бейбіт Литтл-Рок (АҚШ) челленджер турнирінде финалға, сондай-ақ Пуэрто-Рикода Пальмас дель Марда жартылай финалға жетуі нәтижесінде осылайша жоғарылап отыр.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 47-ден 48-ге, Тимофей Скатов 135-тен 137-ге, ал осының алдында Б.Жұқаевтың алдында тұрған Михаил Кукушкин 252-ден 258-ге сырғыды. Денис Евсеев 309-ыншы, Дмитрий Попко 344-орында тұр.
Жұптық сында Александр Недовесов көрсеткішін жақсартып ( 6), әлемнің 53-ракеткасы атанса, Андрей Голубев – 86, Григорий Ломакин 246-сатыда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемдік рейтингте Рыбакинаның үштікте, Путинцеваның ТОП-50-де екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).