17:16, 01 Мамыр 2009
Бейбітшілік пен келісім бағытында Қазақстан Азиядағы өзіндік жолын қалыптастырды ? Е. Тоғжанов
АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бейбітшілік пен келісім бағытында Қазақстан Азиядағы өзіндік жолын қалыптастырды.
Бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттердің этномәдени бірлестіктерінің форумы барысында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚақАқпарат.
«Қазақстан Еуразия кеңістігінде бірегей орын алып отырған мемлекет. Азия мен Еуропаны жалғастыратын еліміздің географиялық, этникалық ерекшеліктері мемлекетіміздің негізгі бағыттарын айқындап, гуманитарлық өлшемдегі ішкі және сыртқы саясатын нақтылайды. Бүгінгі күні әлемде 5 мыңға жуық ұлт өкілдері болса, соған қарамастан 200-ден астам ғана мемлекет өмір сүруде. Осының өзі, дүние жүзінде моноэтникалық мемлекеттердің санаулы-ақ екендігін көрсетеді. Бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде адамзат қауымдастығы бір мемлекет ішінде өзара өмір сүру моделін ойластыру тұрғысынан бұл мәселені ескеруі қажет. Азиялық тармақ бойынша гуманитарлық ынтымақтастық өзекті мәселе болып табылады. Шындығында, 21-ші ғасырдағы Азия құрлығы мәдениаралық диалогты дамытуда ілгерішіл идеялар орталығына айналып отыр. Бүгінгі Азия тек қана құрлық емес, үлкен ұлттар мен халықтардың ортақ үйіне айналып отыр», деді Е. Тоғжанов.
Оның айтуынша, Орталық Азия әлемдік діндердің докториалдық құрылымы тұрғысынан транзиттік аумақ рөлін атқарды. Бұның өзі көптеген халықтардың рухани жандануына септігін тигізді. «Сондықтан да, шығыстың даналығы мен батыстың серпінін іске асырған Қазақстан жемісті болашақ үшін секіріс жасап, Азиядағы өзіндік жолын қалыптастырды», деді Е. Тоғжанов.