«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мега-жобасы жалғасын табатын болады - БҚО
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысқан жиында аталып өтілгеніндей, халықтар достығы мен ұлтаралық келісім - еліміздегі саяси тұрақтылықтың кепілі. Осы басты құндылығымыздың арқасында өңірде 86 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан қарқынды даму үстінде, облыс та алға басып келеді, жоба-жоспарлар да баршылық. Соның ішінде ел бірлігін арттырып, ұлттар достығын нығайта түсетін шараларды жүзеге асыру қажет.
«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы Шығыс Қазақстан облысынан бастау алып, барлық аймақтарда аталып өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясын өткізу қарсаңында өз мәресіне жетті. БҚО эстафетаны көршілес Ақтөбе облысынан алып, Атырауға жеткізді. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды шараға айналды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2014 жылдан бастап «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мега-жобасын іске асыруды жалғастыру облыс әкімдеріне жүктелген. Сондықтан аталмыш ауқымды шараны алдағы уақытта да жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор.
Күн тәртібіндегі мәселені кеңінен талқылаған мәжіліс соңында бір топ адамға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі табыс етілді. Марапатталғандар арасында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев та бар.