Бейбітшілік және келісім сарайындағы көрмеге қойылған әрбір кілемнің бағасы 100 мың еуроға бағаланып отыр

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақ кілемдері. Ұлытаудың игілігі» атты көрме ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шежіре» қазіргі заманғы өнер галереясы ұйымдастырған көрмеге Оңтүстік Қазақстанның қолөнер шеберлерінің 103 кілемі қойылды. Бұл кілемдер - кілем тоқу өнерін қазақ қолөнерінің керемет саласы санайтын, адамның ішкі дүниесінің толқуынан шыққан қайталанбас өнер туындыларын үздіксіз жинап келе жатқан жеке адамның қорынан алынған. Іс-шараны ұйымдастырушылар коллекция жинаушының есімін атамауды ұйғарды.

 «Шежіре» қазіргі заманғы өнер галереясының директоры Роза Жүсіпова, әр кілемнің құны 100 мың еуроға бағаланып отырғанын жеткізіп: «Бұл баға жетпес кілемдер. Себебі, олар кілем тоқушылықтың бұлжымас ұстанымдарын сақтай отырып тоқылған және ең бастысы - олардың мазмұндары бірегей. Кілемдерге қатысты әлемдік сектор, олардың ішінде парсылық, ирандық және тәжіктік кілемдер қазақтың да аса мол туындыларымен толығуы керек. Себебі, біздің кілемдер арқылы қазақ халқының даналығын көруге болады. 2500 жыл бұрынғы Бозарық қорғандарында кездестіретін абстрактілі және таңбалық символдарды қазақ кілемдерінде кездестіруге болады», - деді ол.

 Өз кезегінде көрменің кураторы, философия ғылымдарының докторы Әлібек Қажығалиұлы: «Бұл көрмені ұйымдастыру арқылы  ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмау жағын көрсеткіміз келді. Тәжмахалдың үнділер үшін, болмаса Теотиуаканның үндістер үшін маңызы қандай болса, қазақ оюының да әрбір қазақ үшін маңызы сондай болуы тиіс», - деп атап өтті ол.

 Ертең Бейбітшілік және келісім сарайында аталмыш көрменің мазмұнды жалғасы ретінде «Қазақстанда кілем тоқу өнерінің болашағы бар ма?» деген тақырыпта семинар өтеді.