Бейбіт атом, агрокешен, ІT: Сербиямен серіктестік қай бағытта дамиды
АСТАНА. KAZINFORM – Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстанға сапары мәресіне жетті. Екі күнге созылған келіссөздер барысында 10-ға жуық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сауда-экономика, қорғаныс, медицина, цифрландыру, көлік-логистика салаларына қатысты жобалар бар. Kazinform-ның аналиткалық шолушысы екі күннің нәтиежесін талдады.
Іскерлік байланыс ілгерілейді
Серб делегациясының құрамына Ішкі және сыртқы сауда министрі Ягода Лазаревич, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту министрі Ненад Попович және Электрондық үкімет және ақпараттық технологиялар басқармасының директоры Михаил Йованович кірген. Олар Сербия президентінен бұрын елге келіп, Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесіне қатысты.
Алғашқы отырыста экономикалық ұсыныстар айтылған. Тараптардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта сауда көлемі ұлғаюы ықтимал, экспорт-импорттағы тауар түрін әртараптандыруға да көңіл бөлінбек.
Мысалы, қазір Қазақстан Сербияға металдар, астық, мұнай-химия өнімдері, минералды тыңайтқыштар мен азық-түлік экспорттайды. Ал Сербиядан машина жасау өнімдері, дәрі-дәрмек, азық-түлік тауарлары және технологиялық шешімдер импортталады екен. Келешекте агроөнеркәсіп, машина жасау, IT, логистика, «жасыл» энергетика және фармацевтика бойынша жоба әзірлеуге жоспарланып отыр.
Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қазақстан үшін іскерлік кеңес келешек сауда тарифтерін анықтауға және Еуразиялық экономикалық одақ механизміне бейімделуге көмектеседі.
Сербияға да көмегі көп. Қазір Еуразиядағы логистика өзгеруде. Ал «Орта дәліздің» рөлі күшейіп, Қазақстандағы инфрақұрылым дамып келеді. Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік торапқа айналуымыз серб компанияларының қазақстандық серіктестермен жұмыс істеуіне жол ашады.
Сарапшы осы орайлы сәтті сауда айналымын әртараптандыруға пайдалануға болады деген ұстанымда.
– Екі мемлекет те шикізатқа тәуелділіктен бас тартуға бекініп отыр. Қазақстан индустриялық саясат аясында мұнай-химия және металлургияны өңдеуге, машина жасау мен құрылыс материалдарын өндіруге, агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға, экспорттық процедураларды цифрландыруға басымдық береді. Сербия фармацевтика, IT, ауыл шаруашылығы технологиялары және тамақ өнімдерін қайта өңдеу саласын басым бағытқа айналдырғысы келеді. Сондықтан күн тәртібінде енді шикізат тасымалы емес, бірлескен кәсіпорындар мен өндірістерді локализациялау және технологиялық альянстарды құру жиі талқылануда, – деді спикер.
Саясаттанушы серб инвесторлары қызығушылық танытатын төрт бағытты бөліп көрсетті: цифрландыру және жасанды интеллект, денсаулық сақтау және фармацевтика, аграрлық ғылым мен тұқым шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен және қайта өңдеу.
– Алдымен, Сербия IT-секторын белсенді дамытып, өзін аймақтық орталық ретінде қалыстастырғысы келеді. Осы орайда ауқымды цифрлық реформаға қадам басқан Қазақстан Сербияның IT-компаниялары үшін Орталық Азиядағы басты серіктес бола алады.
Екіншіден, сербтердің фармацевтикалық компаниялары ЕАЭО нарығына шығуға көптен құмар. Қазақстан сол нарыққа шығуға және локализация мүмкіндігін ұсынды деп ойлаймын.
Үшіншіден, Сербияда жүгері мен күнбағыс тұқымын әзірлеуге арналған үздік селекция мектебі бар. Қазақстан үшін егін көлемін арттыру және климаттық тез икемделетін өнім алу стратегиялық мәнге ие. Сол себепті қайта өңдеу мен экспорттық хаб құру бойынша бірлескен жобалар жүзеге асуы мүмкін, – деп тарқатты сарапшы.
Іскерлік кеңес нәтижелі болғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.
- Қазақстан-Сербия іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Отырыс нәтижесіне оң баға беремін. Ол екі елдің сауда-экономикалық әрі инвестициялық байланыстарын жандандыруға ықпал ететіндігіне сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Агрокешен мен IT шикізатты алмастыра ма?
Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінде Гроцка муниципалитетінің жобалық координаторы Радe Иветич балалар тағамы мен жеміс ботқасын шығаратын өндіріс ашылатынын айтты. Бұл екі елдің бірлескен жобасына айналады. Қазақстандық инвесторлар Сербия экономикасына қаржы құйса, жуық арада Гроцка өнімі ел нарығына жеткізіледі деген сөз.
Айта кетейік, Гроцка – Сербиядағы жеміс-жидек өндірісімен танымал шаһар. Мұнда бірнеше ірі кооперативтер бар, ал жалпы 24 гектар жеміс бағы балалар тағамы мен ботқасын өндіруге толық жетеді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Әлия Тұрсынбектің пайымдауынша, агросектордағы байланыс елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек береді.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы, әсіресе жүгері мен күнбағыс селекциясы бағытындағы ынтымақтастық ерекше назар аударуға лайық. Қазақстан климаты тұрақсыз, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өзекті. Егер агроорталықтар құрылып, генетикалық материалдар мен технологиялар алмасу жүзеге асса, ұтарымыз көп. Тек ескеретін жайт, осы жобаның жалғасы ретінде тұқым өндірісін локализациялау, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық агрожүйе мен аналитикалық платформаларды енгізуді қолға алуымыз шарт, – деді Әлия Тұрсынбек.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы селекция, тұқым дайындау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Maqsut Narikbayev University оқытушы профессоры Тимур Қоғабаев Сербиямен серіктестік осы олқылықты шешуге септеседі дегенді айтты.
Оның сөзінше, аграрлық ғылым мен тұқым шаруашылығы – Сербиядағы ең жетілген бағыттың бірі. Оның үстіне Сербия тарапы бұрыннан отандық агро секторды ілгерілетуге ниетті екен.
– Екіжақты ынтымақтастықтың тарихи тәжірибесі бар. Мәселен, Қазақстандық компания «Будан» ЖШС мен Сербияның «Земун Поле» ғылыми-зерттеу институты 30 жылдан астам уақыттан бері бірлесіп атқарып келе жатқан жоба бар. Олар жүгерінің гибридті тұқымын өндіреді. Сонымен қатар серб маманы Лазар Коич Қазақстандағы тұқым өндірушілермен жарты ғасырға жуық жұмыс істеп келеді. Маман жүгері селекциясының негізін қалауға атсалысты: 2007 жылдан бері жемдік қоспалар өндірісінің 70%-ына қосылатын соя селекциясы бойынша жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта серб ғалымдарымен бірлесіп отандық агро секторды ілгерілету мүмкіндігі зор. Оған егіс көлемі мен әлеует жеткілікті, – деді Тимур Қоғабаев.
Белгілі болғандай, қазіргі таңда қос мемлекет селекция, тұқым шаруашылығы және биопестицидтер өндірісі саласына қатысты жоспар әзірлеуде. Әсіресе, отандық кәсіпкерлер Сербиядағы ауыл шаруашылығына қажетті заманауи техникаларды алуға ұмтылып отыр, ал сербиялық Mambikom agrar компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниетті.
Шикізат экспортын ығыстыратын ендігі сала цифрландыру болмақ. Екіжақты тауар айналымын жандандыру үшін IT-жобаларды көбейту ұсынысы айтылуда. Сербия мен Қазақстан келіссөзінің негізгі өзегі де осы тақырыпқа арналды.
Бұл ұмтылыс Қазақстанға не үшін керек? Осыдан 10 жыл бұрын ІТ-секторы Сербияның ЖІӨ-нің 3,5%-ын құрайтын, қазір бұл деңгей 13%-ға жетті – үлкен өсім. Біз үшін көрсетіштің қалай көтерілгенін, қандай тәсілдер қолданылғанын білу әрі оны практикада қолдану өте маңызды екені түсінікті.
Профессор Тимур Қоғабаевтың болжамынша, Қазақстандағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. «Цифрлық Қазақстан» ұлттық стратегиясы қолға алынғанымен, атқаратын жұмыс көп: Жасанды интеллект үшін құқықтық база қалыптастыру, технопарктер құру керек. Статистикаға қарасақ, Сербия Еуропада IT-компанияларды тарту және деректер саласындағы білікті дамыту бойынша көшбасшы саналады. Сондықтан достас елдің тәжірибесін игеру аса маңызды болып отыр.
– Бірнеше бағытта қадам басуымыз шарт. Бірлескен стартап-жобаларды жүргізумен шектелу тиімсіз. Мәселен, AgriTech саласындағы серб технологиясына қол жеткізу жақсы нәтижеге жеткізеді, себебі бізде аграрлық салада қиындық көп. Сондай-ақ жасанды интеллект саласында кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық орнататын кез келді. Әсіресе, Сингидунум университеті «QS Europe Rankings 2025» рейтингі бойынша Еуропадағы ең үздік 600 университеттің қатарына енеді және TEDQUAL халықаралық сертификатына ие. Мұны оңтайлы пайдалануға болады, – деп қосты Тимур Қоғамбаев.
Ғалымның сөзінше, Сербияда цифрландыру саласындағы технологиялар сауда мен өндірістің барлық сатысын жеңілдетеді. Ауыл шаруашылығында қолданылатын «ақылды» жүйелер өнімді арттырса, логистика мен кеден рәсімдерін цифрландыру тасымал уақытын азайтады. Сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуіне көмек береді.
Осы орайда Astana Hub Іскерлік кеңес аясында Сербия компанияларымен меморандумдарға қол қойды. Оның ішінде Цифрлық трансформация орталығы, SEE UP акселераторы және Белград ғылыми-технологиялық паркі бар. Қазақстанның Ұлттық биотехнология орталығы да сербиялық Bio4 кампусымен меморандум жасасты.
Энергетика саласындағы серіктестік
Энергетика мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық жалғасады, тіпті серб кәсіпкерлеріне құқықтық мүмкіндік беретін өзгерістерге куә болуымыз мүмкін. Бұлай деуге Балқан түбегіндегі елдің Қазақстандағы ЖЭО-ны жаңғырту жұмысына ниет білдіруі себеп болып отыр. Сондай-ақ құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларға деген ынта басым.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Әлия Тұрсынбектің пікірінше, серб компаниялары елдегі инфрақұрылым жобаларына арналған тендерлерге қатысуы мүмкін. Оның үстіне қос тарап цифрлық басқару, Big Data жүйелерін қолдану арқылы бірлескен өндіріс пен логистикалық орталық құру мүмкіндігі қарастырылуда.
– Экономикалық іс-қимылдың маңызды элементі, әрине, көлік-логистика саласы болып қала береді. Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы және Қазақстанның «Жібек жолы» бастамасына қатысуы Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі мәртебемізді бекіте түсті. Мұны Сербия тарапы да жақсы түсінеді әрі өнімдерін Қазақстанның логистикалық арналары арқылы Орталық Азия мен Қытай нарығына шығаруға бейіл. Ал Қазақстан Балқан бағыты және Сербияның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы сауда-логистикалық мүмкіндігін пайдаланып, Еуропа нарығына қол жеткізбек, – деп түсіндірді ғалым.
Бүгінде Сербияда қазақстандық капитал қатысқан 44 компания мен 73 жеке кәсіпкер тіркелген болса, елімізде 60-қа жуық серб компаниясы жұмыс істеп жатыр. Сербия тарапы өз нарығына қазақстандық құрылыс компаниялары мен инвесторларды шақыруда.
«Алтын қыран»: Ақордадағы марапат
Бүгін Мемлекет басшысы Сербия Президентін Ақордада қарсы алды. Келіссөздерден кейін көшбасшылар БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдеме жасап, жоспарларды жариялаған болатын. Оның ішінде аса маңызды минералдар, бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу, қорғаныс өнеркәсібі, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу тақырыптары қозғалды.
Президент Ақордада Александр Вучичті ең жоғары награда – «Алтын қыран» орденімен марапаттады. Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықыласты екенін жеткізген еді.
– «Алтын Қыран» орденін ерекше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара байланыстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктейді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның достығы нығая беруіне тілектеспін, – деді Александр Вучич.
Еуропадағы стратегиялық серіктес
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында сауда-саттық да артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
- Сербия біз үшін Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес. Қарым-қатынастарымызды одан ары тереңдетуге, ынтымақтастығымызды әртүрлі бағыттарда дамытуға әзірміз, — деді Президент.
Айта кетейік, Сербия Президенті Қазақстанға сапары барысында Silk Way телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді